Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета

Арманым – әлем әдебиетін аудару

Адуынды Қайыртай Ақылбек ағамыздың ұлы, алашқа танымал Рүстем Қайыртайұлының туған бауыры, жас ақын, айтыскер ақын, тілші Манас Қайыртайұлымен сұхбаттасудың кезегі келді

Адуынды Қайыртай Ақылбек ағамыздың ұлы, алашқа танымал Рүстем Қайыртайұлының туған бауыры, жас ақын, айтыскер ақын, тілші Манас Қайыртайұлымен сұхбаттасудың кезегі келді.

Манас Қайыртайұлы. 1994 жылы Тарбағатай ауданы, Үштөбе ауданында дүниеге келген жас ақын.

- Манас, әкеңнің елімізге танымал айтыскер ақын болғанын, өнер адамы екендігін білеміз. Ел арасында «Қайыртайдың ұлдары» деген де атау бар. Ағаларың жайында қысқа қайырып өтсек...

- Менің алдымда үш ағам бар: Рүстем, Ринат, Едіге. Үшеуі де әкемнің баулуымен бала күндерінен бастап өнерге бет бұрды. Үлкен ағам – Рүстем әкемнің өнердегі қара таяғын қолына алып, айтыскер ақын ретінде елге танымал болды, екінші ағам Ринат Қайыртайұлы жазба ақын, тілші ретінде өзін танытса, Едіге ағам өзін актерлік қырынан сынап жүр. Едіге Қайыртайұлы қазір Шығыс Қазақстан облысының жастар театрында актер болып қызмет атқарады.

- Әкеңнің орны бір төбе, ағаларың бір төбе ғой. Ағасы бардың – жағасы бар. Ақындық арнаға түсуге ағаның ықпалы қалай әсер етті?

- Көзімді ашқаннан әкемнің де, ағаларымның да қолынан тек домбыраны ғана көріп өстім. Ағаларымның бір-бірімен айтысып отырғанын көріп, мен де қалыс қалам ба?! Үйдің еркесі болған соң ба, ағаларым үйге кіре қалса болды, қолыма домбырамды алып дуэлге шақырып, айтыса кететінмін. Үйде «Айтыс» деген үлкен томдық бар болатын. Оның үзінділерін жаттап, мақамға салып, ағадарыма еліктедім. Осы жерде, бір сәйкестікті айта кетейін. Ағам Рүстем Қайыртайұлының айтыстағы алғашқы қарсыласы Ринат Зайытов болған екен, бір қызығы, менің де алғашқы айтысымдағы қарсыласым Ринат ақынның немере інісі Сұңғат Зайытов болды.

Жалпы, ағаның абыройын пайдаланған емеспін. Керісінше, «аға тұрып, кіші сөйлегеннен без» дейді қазақ атам. Кей кезде осы ағаммен тар жерде тақымдасқандай болмайыншы деп те ойлаймын. Сондықтан айтысқа аз шығуға тырысамын. Рүстем ағамның жолы - дара жол, нағыз айтыс ақыны. Біздікі тек сол ағаға еліктеу ғой.

- Өлең жазу өнеріне, ақындық жолға түсуіңе нар тұлғалы әкеңнің қаншалықты үлесі мен өнегесі тиді?

- Өлең жазуға деген, айтысуға деген алғашқы талпыныстарымды бес-алты жасымда бастадым. Алты жасымда әкем домбыра үйретті. Ал он бір жасымда облыстық «Шығыс шамшырақтары» деген айтысқа қатыстым. Бұл - менің өмірімдегі алғашқы айтысым еді. Тайдың өзін жарысқа салардың алдында етін жаратып, терін шығармай ма. Сол сияқты мені де әкем осы айтысқа аттандырар алдында арнайы дайындап, айтыстың техникаларын үйретті, жөн-жобасын түсіндірді. Алғашқы айтысымда жүлделі орын алып келгеннен кейін, әкемнің баптауымен ақындықты бастадым десем болады. Бірнеше облыстық айтыстардың бас жүлдесін алып 10 сыныптан республикалық айтыстарға шығып жүрдім. Ал студент кезімде екі жыл бойы «Хабар» арнасынан берілген «Жастар жырлайды» жобасына қатыстып, «Көрермен көзайымы» номинациясын алдым.

- Абай атындағы дарынды балалар мектебі республикамызға танымал, ірі тұлғаларды, мемлекеттік деңгейдегі қайраткерлерді тәрбиелеген орта ғой. Өнерге аяқ басуыңа бұл ортаның тигізген әсері қандай?

- Бұл мектеп - Шығыс өңірінен келген Тоқтар Серіков, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы тәрізді тұлғаларды тәрбиелеп шығарған орта. Менің сынып жетекшім 40 жыл ұстаздық еткен Қалима Қаппасқызы Парламент депутаты Мәулен Әшімбаевтан бастап Оразақын Асқар, Бексұлтан Нұржекеевтің ұл-қыздарын оқытқан. Өнерді жаны сүйетін, өнерпаз балаларға үлкен қолдау көрсететін ұстаз еді. Ол кісі жеке дара пікірі бар тұлға болып қалыптасуымызға үлкен үлесін тигізді. Бұл уақытта да жастар поэзиясы дами бастаған кез болатын. Ерлан Жүніс бастаған ақындардың кітаптарын оқып, поэзияға деген құлшынысым да дәл осы мектептен басталған еді. Әлем әдебиетін оқу, әдебиеттану ғылымына деген көзқарас та осы мектепте қалыптасты.

- Туған жеріңе арнап жыр жинағын шығарған екенсің?

- Абай атындағы мектеп-интернатта оқып жүріп 11-сыныпта «Барқытбел» деген шағын жыр жинағымды шығардым. Барқытбел дегеніміз Тарбағатай тауының көне атауларының бірі ғой. Білген адамға, бұл көне таудың қасиеті керемет, шіркін. Ауылға, елге деген балалық сағынышым жыр болып төгіліп, кітап болып қапталды ғой, қысқасы (күліп).

- Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетті нағыз жас ақындардың ордасы, үлкен мектебі деп айтсақ болады. Кәсіби поэзияға ауысуға бұл ортаның ықпалы қаншалықты болды?

- Біздің буын бұл ортаға келген кезде университет қабырғасында қазірде алды отызды алқымдап қалған, арты жиырманы еңсеріп тастаған жас ақындардың тобы «Қайсардың қағанаты» қаланған кез болатын. Кезінде аға буын ақындардан «Жұматайдың қағанаты» құрылған. Барлығымыз бір буынның жастары, бір ақындық көзқарастың қарлығаштары болған соң ба, білмеймін, барлығымыз бірге топтасып, бір жүретінбіз. Бірге өлең оқып, бірге кеш өткізетінбіз. Арамызда көзге көрінбес рухани күш бар болатын. Қайсар Қауымбек бастаған бұл орта біз үшін поэзияның нағыз қайнаған ортасы болды. Әлі күнге дейін бұл буынның еншісі бөлінген емес.

- Қазіргі жастар поэзиясының беталысы, аяқалысы жайында не айтуға болады?

- Кітап көп оқылмайды деп айтамыз. Алайда кітапты алмастыра алатын өзге де ақпараттық құралдар бар ғой. Заманауи жүйеге қазіргі ақындардың ауысып жатқанын көріп жүрміз. Әлеуметтік желілер арқылы өз өлеңін оқырмандарға ұсына алады, өзге сайт-порталдарда да өлең-өнімдерін жариялай алады. Ал жалпы қазіргі қазақ поэзиясының, оның ішінде жастар поэзиясының дамуы керемет, ақындардың жұлдызы жанып тұр. Тек өзін жарнамалай алса, оның танымалдылығы да артары сөзсіз.

- Осы жерде енді өзіңнің арманың жөнінде сұрай өтсек...

- Негізгі арманым әлем әдебиетін түпнұсқа тілден қазақ тіліне аудару. Ағылшын тілін соңғы үш жыл бойы меңгеріп жүрмін. Алдағы уақытта әлем әдебиетін қазақ тіліне тәржімалайтындай дәрежеге жетеріме сенімдімін. Одан кейін, 31-арнада өз жобамды бастағым келеді. Әзірше, жобаны тек ойластырып жүрмін. Ол жайында әзір айту әбестік болар...


Слямбеков Қымбат

Следующая →