Өскемен
ясно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Заңсыз тасымалдаудың зияны қандай?

Жолаушыларды заңсыз тасымалдау еліміздің қай аймағында болмасын, күрделі мәселе. Өйткені бұл бассыздықпен күресудің жүйелі жолы әлі іске қосылмаған

Аумағы үлкен әрі халқы да мол Шығыс Қазақстан облысында заңсыз тасымалдаушылар да көп. Облыста жазғы демалыс орындары да көп болғандықтан, заңсыз тасымалдың қызығы жазда «қайнайды». Әсіресе, Алакөл мен Бұқтырмаға қатынайтындардың қалтасы қалыңдай түседі. Алайда мұндай тасымалдың халыққа тигізер пайдасынан гөрі зияны көп екендігін қарапайым тұрғындар біле ме екен? Салықтан жалтару мен адам өмірін қатерге тігу арқылы пайда табатын мұндай жүргізушілер заңның орындалуына үлкен нұқсан келтіреді.

- ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тұрақты тасымалдаушылардан Өскемен, Семей, Зырян, Зайсан қалаларында және Ақсуат кентінде жасырын тасымалдаушылардың бар екендігі жөнінде көптеген арыздар түсті. Аталған арыздар Көліктік бақылау инспекциясы мен облыстық Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді, - дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев.

Облысымызда 3 автовокзал (Өскеменде біреу, Семейде екеу), 10 автобекет (Семейде біреу) және жолаушыларға қызмет көрсететін 9 пункт бар. Бұл автовокзалдар мен автобекеттер арқылы 334 тұрақты маршрут, 747 көлік құралы қатынайды. Бұлар заңды тасымалдаумен айналысатындықтан, мемлекетке арнайы салық төлейді әрі жолаушылардың амандығы мен техниканың талапқа сай болуына жауап береді. Тариф тұрақты. Жолаушыларды жеткізетін жеріне дейін міндетті түрде апарады. Жолда бұзылып қалса, қызмет көрсетуші компанияның өзге көлігі келіп, жолаушыларды алып кетеді.

- Ал заңсыз тасымалдаушылар көліктің техникалық жай-күйіне еш тексеріс жүргізбейді. Жүргізушінің денсаулығын да ешкім тексермейді. Мұның барлығы жолаушылар үшін өте қауіпті. Бағаны арзан қою мен тұрақты маршруттың жүретін уақытынан ерте қатынауы арқылы заңды тасымалмен айналысатын автобустарды несібесінен айырады. Ал тұрақты маршруттар мемлекетке кіріс әкеледі, автобустарын жаңартады, жұмысшыларына жалақы төлейді, - дейді Мұрат Мұсатаев.

Салық төлеп отырған тұрақты маршрут иелері заңсыз тасымалдаушылардың кесірінен шығынға батып отыр. Ал халықтың игілігі үшін жұмыс жасайтын мұндай тасымалдаушылар пайда таба алмаған соң, нарықтан кетеді. Айналып келгенде, мұның барлығы халық үшін тиімді емес. Заңсыз тасымалдаушылар уақытша ғана жұмыс жасайды да, науқан аяқталған соң, ісін тоқтата қояды. Ал қарызға батқан компаниялар не автобустарын жаңарта алмайды, не жүргізушілерінің жалақысын төлей алмайды.

- Тұрақты бағытта қатынайтын көліктерге отыратын адамдардың саны азайғандықтан, заңды түрде тұрақты бағыттарда қатынайтын тасымалдаушы кәсіпкерлер тұрақты маршруттардан бас тартуда. Бұл, өз кезегінде, тұрақты бағыттағы маршруттардың жабылуына әкеліп отыр, - дейді Мұрат Хабдылжаппарұлы.

Жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер, көбінесе, автобекеттердің жанында тұрады. Автобекетке, тұрақты маршруттарға билет алуға бара жатқан адамдарды дауыстап шақырып, жолақыны 200-300 теңгеге арзан көрсетіп, алдап алып кетеді. Егер көлігі бұзыла қалса (көліктің жақсы екендігіне ешкім кепілдік бермейді), жолаушылардың далада қалары сөзсіз. Өйткені оған қолдау көрсетуге еш көмек келмейді. Көлікті бір ғана жүргізуші басқарады. Ал тұрақты маршруттарда ол - екеу.

Басқарма басшысының айтуынша, Алакөлге шығатын тұрақты маршрут таңертеңгі сағат 10.00-де шықса, заңсыз жүргізушілер сағат 09.00 бен 09.55 шамасында жолға шығып кететіндігін айтады. Сондықтан көлеңкелі іспен айналысатын жүргізушілерді құрықтау үшін жолаушылар басқармасы жергілікті полиция қызметкерлерімен және көліктік бақылау инспекциясымен бірігіп, жұмыс тобын құрған. Олар автовокзал бен автобекеттерде тексеріс жүргізіп, заңсыз тасымалдаушыларды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартатын болады. Одан бөлек, мұндай жүргізушілер есепке алынып, тұрақты бақылауда ұсталады.

- Мұндай тасымалдың мемлекетке үлкен зиян екендігін толықтай сезіндік. Сондықтан, тексеріс пен рейд жұмыстарын да күшейтеміз, - дейді Мұрат Мұсатаев.

Заңсыз тасымалдаушыларды анықтауға облыстық көлік прокуратурасы мен БАҚ өкілдері де қатысатын болады.

- Жолаушылар мен жүкті заңсыз тасымалдаумен айналысатын тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 463-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады, - дейді ШҚО Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Абай Абатов.

Яғни, бұл бап бойынша заңсыз тасымалдаушыларға 22000-68000 теңге шамасында айыппұл салынады. Заңсыз тасымалдаушылармен күресті тек басқарманың өзі ғана жүзеге асыра алмайтыны белгілі. Сондықтан мұндай шикі кәсіпкерліктің жанданбауы үшін қоғамның өзі қарсы тұруы тиіс. 

Следующая →