Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Ақжол Жомартов: Әзілдің өз ақиқаты бар

Шығыстың шырайлы өлкесіндегі талантты да, жас асабалардың бірі Ақжол Жомартов халықтың алдында адуынды сөз сөйлеп жүргеніне біраз болды. Бұл ретте, жас таланттың танымына арналған сұхбат алудың реті де келді

? Халықтың алдына шығып, сөз сөйлеген де ерлік. Әр өнер иесі бұл жолға түспес бұрын, ерлігі сынға түсер сара жолдан өтері хақ. Осыған орай, бүгінің мен өткеніңді саралай өтсең...

- Сөз өнерін арқалап жүрсем де, алғашқы шеберлігімді спорт өнерінде көрсеттім. Орта білімімді тәмамдай салысымен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне "Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі" мамандығы бойынша оқуға түстім. Білім ордасын тәмамдаған соң төрт жыл өз мамандығымда қызмет еттім. Міне, екі жылдан астам уақыт ел алдына шығып жүрмін.


? Сырт көзге екі өнер екі түрлі сияқты. Спорт пен өнердің ұйқасын қалай таптың?

- Меніңше, бұл екі өнер де егіз... Қарапайым қарасаң да спортты да өнер дейді. Мысал ретінде алайық, спорт пен өнерде де бәсекелестік бар. Екеуінде де халықтың алдына шығасың. Қарасаң, екі саланың да шырқау шегі мен құлдырау құзы бар. Спорттың сынға толы шыңынан асып кетпесем де, еркін күрестен спорт шеберлегіне үміткер, қазақ күресінен спорт шеберімін.


? Әркімнің әділетті бағасын халық берер. Бұл тұрғыда спорт саласындағы жетістіктерің туралы айта кетсең...

- 2007 жылы еркін күреспен шұғылдана бастадым. Бес дүркін облыс чемпионы, Қазақстан Республикасының чемпионатында екі дүркін қола жүлдегері, Ресейде өткен халықаралық жарыстың финалисті болдым. Қазақ күресімен 2010 жылдан шұғылдана бастадым. Облыстық «Жас барыста» чемпион атандым, «Зайсан барысына» қатыстым.


? Жоғарыда спорт пен өнердің егіз екенін айтып өттің. Бұл тұрғыда спортта да, өнерде де жаттықтырушы, бағыттаушы бар...

- «Ұстазы жақсының ұстанымы мықты»... Спортта Берік Досмұхамбетов деген жаттықтырушымның есімі ерекше. Спорт адамның ниетін қарайды. Ал өнер адамның табиғатынан болады. Өнер - әркімде бар. Спортта жаттықтырушы кез келген адамды тәжірибелі етеді. Өнер адамға тән болғандықтан, ұстаз бағыттайды. Мен бұл салаға фотограф, бейнеоператор болып келдім. Кейін музыкант болып, асаба болуға бел будым. Асабалыққа өз күшіммен, өз ниетіммен келсем де, нағыз тәжірибелі ортаға қайрап шығарған Еділ Майзақов болды.


? Әнші асаба, биші асаба, білгір асабалар бар. Бұлардың қайсысында қарымдысың?

- Жанр, стиль десек - әзіл дер едім. Келісті де, кескіні мол «элита» тойдан бұрын, өз аудиториямды әзілмен, күлкімен аламын.


? Кей әртістер, әншілер тойдың билейтін әнін эстрадаға шығаруға қарсы пікір айтады. Бұл пікірге қосыласың ба?

- Дәстүрлі әннің өз табиғаты сезімге, таза көңілге бағытталып, терең ой салады. Философиялық тұрғыда тұғыры биік әндер. Дегенмен олардың арасында да биге, көңіл кірбіңінен айықтыратын жеңіл әндер болады. Мысалы, «Он түйме» деген әнді атар едім. Мен ән сарапшысы емеспін. Дегенмен, әннің аражігін ашып, келісті қырларын келтіруге болады деймін. Әнге бай қазақтың қалтасы бұдан жұқармайды. Өнердің дами түскені тек қуантады. Уақыт оған өз емін тауып береді.


? «Армансыз адам ескексіз қайықпен тең» дейді. Спорт өнерінде икемін тауып, игілікке жетіпсің. Өнерде өзгеше деңгейге, мысалы, эстрадаға деген ынта бар ма?

- Стилім әзілге жақын болғандықтан, эстрададан бұрын, театрға деген ықыласым бар. «Көңіл ашар» сынды жобалар құрып, өз өнерімді сондай ортада шыңдау ойда бар.


? Біреудің әзілі бүк түсіп, бүлігін тауып жатады. Кейде келісімін тауып, күлдіріп жатады. Осының ортасындағы орайлы орны қандай?

- Әзіл - табиғатынан өте ауыр. Біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Әзілдің өз ақиқаттығы бар. Оның салатын ойы, жеткізетін түйіні болу керек. Ең дұрысы астары бар - әзіл. Артық қылам деп, тыртық қылатын асабалар бар. Бірақ, көш ере келе түзелетінін ескерген дұрыс. Шынымды айтамын, ерсі кетіп жатқан кездер өзімде де болған.


?Тойдың ортасында жүрген адамдардың бірісің. Қазіргі жастардың тұрмысқа деген тұспалдары қандай? Бірі лайықты ер азамат жоқ, бірі лайықты арулар жоқ дейді...

- «Тең теңімен»... Уақыт - емші... Ақыл айтатын жаста емеспін. Дегенмен әр нәрсенің орнын уақыт өзі тауып береді. Жас болсам да, бұған әлдеқашан көзім жетті. Қарасаң, ажал да біреуді ерте алады...


? Тойда дәстүрдің бұрмаланғанын көрген сәтің болды ма?

- Болды. Бұл дұрыс емес әрине... Соншалықты шаш тұрарлық тың әрекеттер болмаса да, кей тұстарында өзгеше көріністерге тап боласың. Мысалы, сыңсу айтқан кезде қыздар би билеп, батырлардың бейнесіндегі ер азаматтар шығып дүрілдеген шоуға айналып кетеді. «Сыңсу» қыздың сырға толы салиқалы ойлары. Жоғарыда көңілді, ойлы әндер туралы айтқан едік. Міне, осындай орынсыз сәт сыңсуды жеткізуде орын алатын сияқты. Шындықты айтқан соң кесіп айту керек, «сыңсу» шоуға айналғанда, қыздан ата-анасы арыла алмай келгендей көрініс орнайды. Менің өз пікірім, бұған қарсымын.


!Сұхбатыңа рахмет!

Следующая →