Шығыс өңірінің тұрғындары жылу үшін 300 млн теңге қарыз
Облыс тұрғындары жылу беру кәсіпорындарына 300 млн теңге қарыз. Берешек өтелмегендіктен, кәсіпорындар да жылу маусымына дайындала алмай отыр
Облыс тұрғындары жылу беру кәсіпорындарына 300 млн теңге қарыз. Берешек өтелмегендіктен, кәсіпорындар да жылу маусымына дайындала алмай отыр. Ал коммуналды кәсіпорындар болса, өзге мекемелерге қарыз.
Облыстағы басты мәселелердің бірі - коммуналды кәсіпорындар алдындағы қарыздардың өтелмеуі. Бұл биыл ғана көтеріліп, биыл ғана талқыланып отырған мәселе емес. Ондаған жылдар бойы қордаланып, өз түйінін таппаған тақырып. Бұл - облыс деңгейіндегі ғана емес, республика көлеміндегі мәселе. Тұрғындардың коммуналды кәсіпорындар алдындағы төлемдерін өтеудің біртұтас жүйесі іске қосылмаған, ал сот орындаушылар өз міндеттерін толық орындамай отыр.
Облыс тұрғындары мен заңды тұлғалар ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға 600 млн теңге қарыз болған. Оның ішінде 300 млн теңгесі тұрғындардың «еншісінде», ал қалған соманы заңды тұлғалар өтеуі тиіс. Бұл қарыздарға қатысты сот үкімі шығарылған. Алайда қарыз сол баяғы «жартас күйінде» қалып отыр. Ал ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бұған сот орындаушылары кінәлі деп отыр, өйткені олар өз міндеттерін жүзеге асырмайды.
- Жарық пен кабельді теледидар қызметіне алынатын төлемдерді тұрғындар міндетті түрде төлейді. Ал ыстық су мен жылуға келгенде, неге екені белгісіз, бәрі ат-тонын ала қашады. Оның үстіне, бұл қызметтерді халық та жаз уақытында пайдалана қоймайды. Сондықтан төлемей жүре береді, - дейді ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Оралбеков.
Ал қарыз өтелмегендіктен жылу кәсіпорындары құрал-жабдықтары мен қазандықтарына жеткілікті деңгейде жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды, қыста жағуға арналған көмір қорын толықтай сатып ала алмайды. Қаржысы болмаған соң, кәсіпорындар мемлекеттік қазынадан қаражат сұрауға мәжбүр.
- Биыл жылу беретін кәсіпорындарға қысқы отындарын сатып алу үшін қаржы бөлінген. 20 тамыздан бастап көмір жеткізілмек. Кәсіпорындар қазынадан тек көмір сатып алуға ғана қаржы сұрай алады. Ал кейбір кәсіпорындар көмір сатып алуға бөлінген қаржыны жөндеу жұмыстарына пайдаланады, отынды да сатып алады. Яғни, кәсіпорындар барынша өз күнін өздері көріп отыр, - дейді Қайрат Оралбеков.
Кәсіпорындарға, көбінесе, Семей, Өскемен қаласы мен Зырян, Глубокое ауданы тұрғындары қарыз. Сондықтан берешек мәселесі аталған аймақтарда ақсап тұр. Ал басқарма орынбасары мәселені шешу үшін коммуналды төлемдерді бірыңғай қабылдайтын орталық ашу керектігін айтады.
- Сонда тұрғындарға төленбеген төлемдері үшін қысым жасауға болады. Мәселен, жылуға төлемегені үшін жарық беруді тоқтатуға болады, - дейді Қайрат Дәлелқанұлы.
Ал ШҚ облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк болса, бұл пікірдің айтылып келе жатқанына ондаған жыл болғандығын айтады.
- Бұл ойды естігендігімізге он жылдан астам уақыт болды. Алайда оны құрудың тиімділігін әлі ешкім дәлелдеп бере алған жоқ. Бұл жүзеге асырылмайтын идея, - дейді Владимир Головатюк.
Орталық ашу туралы ой осымен жабулы күйінде қалды. Ал қарыз мәселесі ешқашан таусылуы мүмкін емес, өйткені үлкен соманы төлегісі келмейтін адамдардың саны жыл сайын өсе бермек.
Коммуналдық кәсіпорындарға жұрт қарыз болса, бұл кәсіпорындардың өзі өзге қызмет тасымалдаушы шаруашылықтарға берешек. Мәселен, 1 шілдеге дейінгі деректерге сүйенсек, коммуналдық кәсіпорындардың «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы берешегі 204 млн теңгені құраған. Бұл қаражатты өтеу мақсатында энергетика басқармасы мен Семей, Курчатов қалалары, Зырян, Глубокое аудандары әкімдігімен келісімшарттар жасалған.