Өскемен
ясно
+26°
  • Өскемен
    +26°
  • Алматы
    +29°
  • Астана
    +28°
  • Ақтөбе
    +20°
  • Актау
    +26°
  • Орал
    +25°
  • Қарағанды
    +29°
  • Көкшетау
    +27°
  • Қостанай
    +24°
  • Қызылорда
    +32°
  • Павлодар
    +29°
  • Петропавловск
    +29°
  • Тараз
    +28°
  • Туркестан
    +20°
  • Шымкент
    +31°
$
464.72
496.32
¥
64
5.4
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Домбыра дайындағысы келетін балалар көп

Үш мың жылдық тарихы бар домбыра аспабының осы күнге жетуіне күйшілерден бұрын қолөнер шеберлерінің үлесі мол-ақ

«Екі желі, үш қазық, тоғыз ноқта» домбыраның құрылысын қаламдай қалап жүрген қолөнер шеберлері елімізде аз емес. Алайда осынау аталы аспаптың жасалу технологиясы Шығыс өңірінде қаншалықты дамыған? Жалпы, республикаға аты танымал домбыра жасаушылардың бір бөлігі - Шығыстан шыққандар. Қайрат Байбосынов, Алтынбек Қоразбаев, Айгүл Қосанова сынды дәстүрлі әншілер мен жастар арасында ерекше дарынымен танымал болған Асылбек Еңсеповтың домбырасын жасап берген Жолаушы Тұрдығұловтың өзі Марқакөлдің тумасы болатын. Жолаушы ағамыз - елімізде домбыра жасаудың шеберлік мектебін құрған бірден-бір тұлға.


Ғұмырының отыз жылын домбыраға арнаған

Қазақтың домбыра жасау өнерін біліп қайтпақ мақсатта Жолаушы Тұрдығұловтан домбыра жасауды меңгерген, Ұлан ауданындағы облысымыздың үздік шеберлерінің бірі Амангелді Смағұлов ағамызбен сұхбаттасып қайтуды жөн көрдік.

Амангелді ағамыз домбыра жасауды жиырма бес жасында Жолаушы Тұрдығұловтың Алматы қаласындағы шеберханасында жүріп үйренген. Ағамыздың айтуынша, әкесі мен атасы домбыра жасамаған. Алайда жетінші атасы Раздық Ахметжанұлы атағы бүкіл қазақ жеріне танылған дәулескер күйші болған.

- Ел арасында «Раздық күйлері» деген атау кең қолданылады. Атамыз жұртқа танымал сазгер-күйші ғана емес, ағаштан түйін түйген шебер де болған. Өзі домбыра жасап, онымен шертпе күй ойнаған. Домбыра жасаудың қыр-сыры атамыздың тегінен дарыса керек, - дейді Амангелді Смағұлов.

Амангелді ағаның мамандығы - музыкант. Ән өнерімен шұғылдана жүріп, домбыра жасау шеберлігін де қатар игере бастаған.

- Әскерден келген соң, тағдыр жетелеп, арман қуып Алматыға аттандық. Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменовтың әншілік мектебінде білім алып жүріп, ҚР Мәдениет қайраткері Жолаушы Тұрдығұлов ағамызбен таныстым. Ол кезде Жолаушы ағамыздың өзінің жеке шеберханасы бар болатын. Студенттермен қатар домбыра жасауға ниеттеніп жүрген жастарға да қол ұшын беріп, аспапты құраудың технологиясын үйрететін, - дейді Амангелді Смағұлов.

Кейіпкеріміз кейін Талдықорған қаласына қызметке жолдама алып, Жетісудың жезтаңдай әншісі Дәнеш Рақышевпен бірге бес жыл мәдениет саласында қызмет атқарған. Дәстүрлі әнші Дәнеш Рақышевпен бірге жұмыс жасай жүре Амангелді аға 1988 жылы өзінің алғашқы шеберханасын ашып, домбыра дайындай бастаған.

- Кейін Күршім ауданының мәдениет үйіне қызметке ауыстым. Ауданда тағы да шеберхана ашып, он алты жыл домбыра дайындаумен айналыстым. Ұлан мәдениет үйіне қызметке ауысуыма ауданның бұрынғы әкімі Марат Мұзапаровтың үлесі көп болды. Мәдениет үйінің ішінде шағын шеберхана ашуыма да қолғабыс етті. Бұл шеберхананың жұмыс жасағандығына он жыл уақыт болды, - дейді Амангелді аға.

Қолөнер шебері қазақтың ұлттық аспабын дайындаумен отыз жыл айналысқан. Шебер бір жылда мыңға жуық домбыраға жан бітіретін көрінеді. Яғни, отыз жыл саналы ғұмырында үш мыңға жуық саз аспабын дайындап шығарған. Жыл сайын домбыра жасаушы шеберлердің арасында өткізілетін «Үкілі домбыра» республикалық байқауына төрт рет қатысып, екі рет жүлдемен оралған.


Домбыраны көне нұсқада жасап көрген

Көне дәстүрді құшағында құндақтаған қолөнер шеберінен қазіргі домбыраның құрылысы жайында, өткен ғасырдың 30-жылдарында белгілі композитор Ахмет Жұбановтың қазақтың қара домбырасын оркестрдің ойнауына, өзге еуропалық аспаптармен теңдей ілесуіне ыңғайлап жасағандығы жайында көзқарасын білгіміз келіп бірнеше сауал қойған едік. Қазіргі таңда елдің бір бөлігі Ахмет Жұбанов домбыраға кең диапозон сыйлады десе, бірі қасиетті домбыраның қоңыр үнін бұзып жіберді деп айыптайды.

Алайда кейіпкеріміз қазақтың тұңғыш кәсіби композиторының домбыра құрылысын өзгерткенімен, аспаптың үні өз құдіретінен айырылмағанын айтады.

- Ахмет Жұбанов домбыраны шауып емес, құрастырып жасаудың тәсілін ойлап тапқан. Одан кейін, домбыраның ішегін жылқының қылы мен қойдың ішегінен емес, қармақтың бауынан керіп салған. Бұдан домбыраның үні өзгергені рас. Алайда Ақаң әкелген әдіспен емес, қазақтың көне дәуірлерде жасап жүрген қолөнер технологиясы арқылы домбыраны тірілтуге тырыссақ та, одан ақындар жырлап, жазушылар сипаттап жазғанындай қоңыр үн мен күңіренген күйдің келбет-сарыны байқала қоймады. Домбыраны көне әдіспен еліміздің үздік аспап жасаушы шеберлерінің бірі Жолаушы ағамыз да жасап көрген. Алайда Жолаушы ағамыз да домбыраның қоңыр үнін қайтара алмаған. Мүмкін, қазақтың қарт домбыраны жасаудағы түйсігі мен шеберлігі әлі де жөнді игерілмей жатқандықтан болса керек, күмбір күйлі кенеп домбыраның үні қалыпқа келе қоймады. Мұны әлі де терең зерттеу қажет, - дейді Амангелді Смағұлов.

Шебердің өзі де домбыраны қарағайдан шауып, оған ешкінің есілген ішегін салып көрсе де, домбыраның құдіретін оята алмаған.

- Кейде, «мүмкін жазушыларымыз домбыраның кеңдігі мен кемелін тым асыра сипаттайды-ау» деп те ойлап қоямын... (күліп), - дейді кейіпкеріміз. - Бірақ әлі де көз жеткізетін «кем дүниенің» кетігі көп...


Сатып алушылар көп

Домбыраның үні таңдап алынған ағаштың сапасына байланысты. Ардагер аспапты жасау үшін де арнайы ағаштың түрі керектігін айтады. Ұландық шебер домбыраны шауып та, ойып та, құрастырып та жасайды.

- Домбыраны дайындауда жергілікті материалдарды қолданамын. Саз аспабын қарағай, қайың, үйеңкі, бұйра үйеңкі, қызыл үйеңкі, қара ағаш, қызыл ағаш, долан топшы (теректің түрі) сынды ағаш түрлерінен дайындаймын. Қозы құйрық домбыра мен ел арасында «Абай домбыра» аталып кеткен қалақ домбыраны да қатар жасаймын. Бір домбыраны шауып жасауға жарты ай, ал құрастырып жасауға бес күндей уақыт кетеді. Бағасы - 25-30 мың теңгенің арасы, - дейді Амангелді аға.

Шебердің айтуынша, домбыраны сатып алушылар көп. Дайындалған домбыралар лезде сатылады, ал кейбірі алдын ала тапсырыспен әзірленеді.


Басшылар домбыра мектебін ашуға құлықсыз

Сұхбат барысында кейіпкеріміз Ұлан ауданында шығармашылық үйі ашылғанымен, онда саз аспабын жасауды үйрететін мектептің құрылмағанын айтып, өз қынжылысын жасыра алмады.

- Мектепте саз аспабын жасағысы келетін талантты балалар көп. Мектептерді аралап, домбыра жасағысы келетін балалардың тізімін де әзірлегенмен. Балалар кейде шеберханама келіп «аға, қашан мектеп ашасыз» деп сұрап жатады. Аудан басшылығының табалдырығын да талай тоздырдым. Қол ұшын беретіндігін айтқанымен, кейін қаржыға келіп тірелген кезде уәдесінен тайқып шыға келеді. Жаңадан ашылған шығармашылық үйінде көңілге қонымсыз, іске пайдасыз курстарды ұйымдастырғанша, ұлттық дәстүрді дәріптейтін игі дүние жасаса екен, - дейді Амангелді Смағұлов. 

Следующая →