Өскемен
ясно
+9°
  • Өскемен
    +9°
  • Алматы
    +10°
  • Астана
    +13°
  • Ақтөбе
    +19°
  • Актау
    +22°
  • Орал
    +21°
  • Қарағанды
    +9°
  • Көкшетау
    +14°
  • Қостанай
    +16°
  • Қызылорда
    +17°
  • Павлодар
    +11°
  • Петропавловск
    +15°
  • Тараз
    +8°
  • Туркестан
    +22°
  • Шымкент
    +11°
$
443.35
475.54
¥
61.18
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Шығыстан көне мәдениет ошағы табылды

Профессор Әбдеш Төлеубаев бастаған археологиялық топ Зайсан ауданында екі ай қазба жұмыстарын жүргізе отырып, осыдан төрт жарым мың жыл бұрын өмір сүрген көне мәдениеттің ошағын тапты

Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал ауылынан 3 шақырым жерде б.з.д. XXV-XVIII ғасырларға жататын ежелгі Афанасьев мәдениетінің көне қорымдары табылды. Шілікті даласында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген профессор Әбдеш Төлеубаев Сауыр мен Тарбағай тауының етегін де зерттеп көрмек болған. Сауыр мен Тарбағатай етегінен мыс дәуіріне жататын 500-ге тарта оба табылған.

- Шілікті жазығында он бес жылдай археологиялық зерттеулер жүргізілді. Ашылмаған тарихи деректер әлі де бар. Дегенмен, біз археологиялық қазба жұмыстарының шекарасын кеңейтпек болып, Сауыр тауының етегіндегі қорымдарды қазып көрдік. Бұл жерден қола дәуіріне жататын Андрон мәдениетінен де көне Афанасьев мәдениетінің белгілері табыла бастады. Ал Үлкен Қараталдан табылған ескерткіш бұл жерде Афанасьев мәдениетінің болғандығын нақты дәлелдеп берді, - дейді археологиялық экспедицияның жетекшісі Әбдеш Төлеубаев.

Ғалымның айтуынша, Афанасьев мәдениетінің қорымдары алғаш рет Хакасия жерінде табылған әрі бұл Еуразия кеңістігіндегі ең көне мыс дәуіріне жататын мәдениет саналады.

- Қазақстаннан табылған қола дәуірінің ескерткіштері мол. Ғалымдар қола мәдениетіне жататын Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің негізін қалаған халықтың қайдан келгендігін анықтай алмаған еді. Бұл кезінде Әлкей Марғұлан ағамыздың да көкейінде жүрген сұрақ болатын. Көпшілігі бұл халықты Қазақстанға сырттан көшіп келді деп тұжырымдады. Алайда біз тапқан археологиялық артефакт қола мәдениетін қалыптастырған қауымның шеттен көшіп келмегендігін, оның әу баста қазақ жерінде қоныстанғанын әрі кейінгі сақ-үйсін тайпаларының ата-бабасы болғандығын анықтады, - дейді Әбдеш Төлеубаев.

Ғалым табылған археологиялық деректердің негізінде Қазақстанның орталық және шығыс аймақтарына тараған алғашқы адамдар қауымының ең алдымен Шығыс өңірінде қоныстанғанын алға тартып отыр.

- Бұл Еуразия кеңістігіне тараған халықтардың Алтайдан шыққанын тағы да дәлелдеп берді. Сондықтан ұлттық кодты іздеуді Алтай өңірінен бастағанымыз жөн. Бұл - үлкен тарихи, археологиялық жаңалық, - дейді Әбдеш Тәшкенұлы.

Қаратал ауылы маңында табылған қорымның Афанасьев мәдениетіне жататындығы оның 12 басты белгісі бойынша анықталған.

- Бұған дейінгі табылған қорымдардан аталған мәдениеттің аздаған ғана белгілері табылған болса, бұл обадан 12 бірдей белгісі қатар табылып отыр. Адамды шалқасынан жатқызып, тізесін жоғары бүгіп жерлеу, басын батысқа қарату, қабірге қанның белгісін білдіретін қызыл охра бояуын себу, ирек тісті өрнекпен жасалған шағын керамикалық ыдысты, аң стиліне тән әшекейлер мен мыстан соғылған қосжүзді пышақты, түйенің жамбас сүйегі мен тас еңбек құралдарының қоса жерленуі Афанасьев мәдениетінің айнымас белгісі. Ыдыстар әдейі сындырылып салынған. Бұл - сынған өмірді білдіретін белгі. Мәйіттің тісі мен сүйек бөліктерін антропологиялық зертханаларға жібердік. Сараптама нәтижесі келген соң, мәйіттің нақты жасы белгілі болмақ, - дейді Әбдеш Тәшкенұлы.

Қорымның тереңдігі 4,7 метр болса, диаметрі - 22 метр. Ал обаның үстіне жабылған үйме топырақтың биіктігі - 1,75 метр. Қазба жұмыстары барысында алдымен топырақ оба, кейін тас оба, одан кейін арнайы инженерлік технологиямен жасалған қабірхана табылған.

- Қорым металл дәуірінің басталған сәтіне тура келеді. Алғашқы қауымның әлі тас құралдардан арыла қоймаған әрі мыстан енді ғана қару-жарақ жасай бастаған тұсына сәйкес келеді, - дейді Әбдеш Тәшкенұлы.

Археологиялық олжаны тамашалауға келген облыс әкімі Даниал Ахметов те өз таңданысын жасыра алмады.

- Былтыр Шілікті қорымында алтыннан жасалған мол әшекей бұйымдар, қару-жарақтар табылған еді. Б.з.д. VII ғасырда өмір сүрген ата-бабамыздың металл өңдеу технологиясының қандай жетік деңгейде болғанын көріп, таң қалған едік. Енді міне, осыдан төрт мың жыл бұрын да өлкемізде металл өңдеу техникасының терең болғандығына көз жеткізіп отырмыз, - дейді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының тапсырмасымен Шілікті қорымымен қатар Үлкен Қаратал обасының үстіне де алып саркофаг орналастырылмақ. Бұл облыстағы мәдени кластерге туристердің шоғырлануына мүмкіндік бермек.

- Мұндай тарихи жаңалықты жұртқа таныстыруымыз қажет. Табылған қорымның өзі тас жолға жақын жатыр. Бұл туристердің келуіне жеңіл болмақ, - дейді Даниал Кенжетайұлы.

Ал Қазақстан археологиясына үлкен жаңалық әкелген Әбдеш Төлеубаев өзінің жаңалықтарымен 8 қыркүйек күні өтетін халықаралық ғылыми конференцияда бөліспек.

Зайсан өңірінде мол тарихи олжаға кенелген археологиялық топ тағы да бір тарихи деректің бетін бері шығарды. Үлкен Қаратал қорымынан ежелгі дәуірге жататын обадан бөлек үйсіндердің Тарбағатайда мекендегенін дәлелдейтін археологиялық артефакт тапқан. Үйсіндер мәйітті жерлеу барысында оның басын батысқа, оңтүстік-батысқа қаратып қоятын болған.

- Мен бұған дейін де Тарбағатай етегінде үйсіндердің мекендегендігі жайында пікір қозғағанмын. Үлкен Қараталдан табылған үйсін обасы бұл пікірді толықтай қуаттады. Оның үстіне, Қытай деректерінен үйсіндердің Қара Ертіс, Тарбағай тауында қоныстанғандығы жайында деректер таптым. Яғни, бұл үйсіндердің тек Ыстықкөл мен Балқаштың арасында ғана мекендеп қоймай, солтүстік-шығысқа қарай тағы да мың жарым шақырымға дейін қоныстанғанын дәлелдеп отырмыз, - дейді Әбдеш Төлеубаев.

Сонымен қатар, археологиялық топ жақын маңдағы Саржыра ауылының орналасқан орнынан көне қаланың қалдықтарын тапқан.

- Қаланың екі орнын ауданды әуеден суретке түсіру кезінде анықтадық. Біздіңше, бұл орта ғасырдағы қалалардың бірі болуы мүмкін. Араб деректерінде Қара Ертіс бойындағы Қимақ елінде 11 орта ғасырлық шаһардың болғандығы айтылады. Бұған дейін ғалымдар бұл қалаларды Кереку аймағынан іздеген болатын. Зайсан ауданы да Қара Ертіске жақын орналасқандықтан, Қимақияға қараған қалалардың бірі осында болуы мүмкін деген ойға келдік, - дейді археологиялық экспедиция жетекшісінің орынбасары Ринат Жұматаев.

Зайсан өңірінде жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстар әзірше доғарылды, ендігі жылы қайта жалғасын таппақ. Алдағы археологиялық жұмыстарға 300 млн теңге бөлінбек. 

Следующая →