Бала - несібе, еңбек - жетістік
«Анада үш бақыт бар: ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі» дейді атамыз қазақ. Бүгінгі кейіпкеріміздің балалық шағы қиын-қыстау кезеңде өтсе де, ар-ожданын айырбастамаған асыл жан, ардақты ана
Атадан екеу қалса да, өзінен он бір құрсақ таратқан Қатыш Мағауияқызы - қазіргі таңда жиырма төрт немере мен он бір шөберенің әжесі. Биыл сексен жасқа аяқ басқан Қатыш әжеміз - аудандық прокуратура мен мәдениет саласында қырық жылдан астам абыройлы қызмет еткен ардагер жан. Бір әулеттің аяулы анасы ғана емес, бір елдің батагөй данасына айналған.
Еңбекке бала күнінен баулыған
Халық тағдыры – адам тағдыры. Қатыш анамыз 1937 жылы Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Бұл майдан мен еңбек қатар сынасқан тауқыметі мол жылдар болатын. Кейіпкеріміз «анасы жоқ - қас жетім» демекші, ана мейірімінен де ерте айырылған, ерте жастан еңбектенуге үйренген.
- Соғыс басталғанда төрт жастамын. Бәрі есімде. Ойын ойда жоқ. Жеңгеміз бала көңілімізді аулап, танауларыңнан маржан түседі деп алдап, жүн түткізетін еді. Көктемде қозы мен лақ бағамыз. Жеңгеміз - күзетте, әкеміз - еңбек армиясында. Үйдегі балаға қарау да менің міндетім еді. Одан қалса, он екі шақырым алыста жатқан егіндікке жаяу барып, масақ теретін едік. Терілген масақты үйге тасып, тоқпақпен ұрып тазалайтынбыз. Сол бидайды қуырып, қос-қостан қолымызға ұсынатын. Бір күнгі тамағымыз бір уыс бидаймен өлшенетін. Кейінірек соғыс біткен соң да, халықтың жағдайы бірден түзеліп кете қойған жоқ. Барлығын өлшеп-тамап береді. Бір балаға бір уыс бидай мен бір жапырақ нан ғана үлестіріп беретін еді, - дейді Қатыш әжеміз сол кездегі заманның ауыртпалығын есіне алып.
Дегенмен, заман ауыр деп тағдырына лағнет айтқан емес. Керісінше, ауыртпашылықты жеңіп, қолғанат болуға, еңбек етіп, тұрмысын түзеуге ден қойған. «Кез келген нәрсенің қайыры бар», «үмітсіз шайтан ғана» дейді мұндайда халқымыз. Заман қиын болса да, кейіпкеріміз өмір бойы еңбек етуге еті үйренген. Жалықпай еңбек ету арқылы зор жетістікке жеткен.
Әкенің елге қылған жақсылығы мол
Кейіпкеріміз анасынан ерте айырылса да, кең пейілді, жылы жүзді әкенің игілігін көп көрген. Қатыш апаның әкесі Мағауия атамыз колхозда ферма меңгерушісі болған. Белді басшы ғана емес, ауыл адамдарының қамын ойлаған қайырымды жан еді.
- Әкем еңбек армиясынан оралған соң, сауын фермасында басшы болды. Онда алты-жеті жесір сауыншы мен екі-үш бала жұмыс жасайтын. Соғыстан да көп адам оралмады. Үйді асырайтын отағасы болмаған соң, әйелдер мен балалардың жағдайы қиын болды. Әкем алты күн сауылған сүтті ферманың қабылдау бөліміне өткіздірсе, жетінші күні сүтті сауыншыларға таратып беретін. Ауылда біздің үйде ғана ұстара мен қайшы бар екен. Әкем балаларды үйге шақырып алып, шашы мен тырнағын алып беретін. Балалар ашығып қалмасын деп уайымдап отыратын. Сауыншылар арасында реніш тудырмау үшін жаздық, қыстық отындарын жинау үшін оларды кезекке тұрғызатын, - дейді Қатыш Мағауияқызы.
Әкенің қамқорлығы баланың да зейінін ашып, жомарт жан болуына ықпалын тигізген.
- Әкенің сөзі емес, ісі - тәрбие. Әкенің жылы жүзін, жанашыр көңілін көріп өскен менің де елге көмек жасауға деген ықыласым артты. Балаларыма да елге қайырымды болуға, әрқашан ізет танытып, көмектесуге әзір жүруге үйретемін. Ел десе еңіреп тұратын ақ көңіл жұмсақтық - біздің қанымызда бар қасиет. Әкемнің жақсылығын айтып, алғысын жаудырған жандар да көп болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кейде әкемнің жақсылығын естіп, марқайып, мақтанып қаламын, - дейді Қатыш апа.
Мағауия атамыз арабша білімі бар, діннен хабардар көзі ашық, домбыраны ұршықша иіріп, күй мен жыр шертетін өнерлі адам болған.
- «Алпамыс», «Қобыланды», «Қалқаман-Мамыр», «Қамбар» жырларын жатқа айтатын. Ел арасында әкемді «Мақаң», «Молда аға» деп атайтын еді. Сөйтсем, әкеміз діннен хабары бар, намазға жығылған адам болғандықтан, ел солай атаған екен, - дейді Қатыш апа.
Білімге деген құштарлық
Қатыш Мағауияқызы бірінші сыныпқа тоғыз жасында барса да, білімге деген құштарлығы ерекше болған.
- 1946 жылы бірінші сыныпқа бардым. Мектеп ішінде орындық жоқ, ғимараттың көлеңкесінде отырып, сабақ оқитынбыз. Есепті ескі кітаптың бетіне шығарамыз. Ұстаған сөмкеміз - шереден жасалған шағын қобдиша. Үйде пешке от жағып отырып, соның жарығымен кітап оқушы едік, - дейді кейіпкеріміз оқуға деген құштарлығын айтып.
Қатыш апа дәрігер болуды армандап, Семейдегі мединститутқа оқуға түспек болған.
- Алайда оқуға түсіп тұрған жерімнен қасақана құлатты. Өкінішім ішімде қалды. Кейін 1958 жылы Семейдегі Крупская атындағы пединституттың физика-математика факультетіне оқуға түстім. Оқудан оралған соң, аудандық білім бөліміне хатшы болып орналасып, көркем өнерпаздар үйірмесінде қызмет еттім, - дейді Қатыш әже.
Қатыш әже ауданда көркем шығармашылықтың, драма, театр өнерінің қалыптасуына ықпал еткен. «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» драмаларында рөл сомдаған.
- Ақсуат ауданының алғашқы өнерпаздары біз болдық. Аудандық мәдениет бөлімі бұл еңбегімізді ешқашан ұмытқан емес, - дейді Қатыш Мағауияқызы.
1969-1988 жылдар аралығында аудандық прокатуратурада хатшылық қызметте болып, тоғыз прокурормен бірге жұмыс жасаған.
- Прокурорлар менің біліктілігіме сенетін. Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуге, айыптау қорытындысын толтыруға дейінгі жұмыстардың барлығын маған сеніп тапсыратын. Төрт бірдей адамның жұмысын жасай алатындай қауқарым болды. Қазір де құқық қорғау саласында істейтін әріптестеріме ақыл-кеңесімді айтып тұрамын. Ең бастысы, жұмысын шын ниетпен істесе екен деймін. Еңбекақы үшін, басшы үшін істеген істің қайыры болмайды. Ең алдымен, адам жұмысты өзі үшін, үйрену үшін шынайы ықыласпен, таза көңілмен істеуі керек, - дейді Қатыш апамыз кеңесін айтып.
«Алтын алқаның» иегері
Ауданның мәдениеті мен заң саласында еңбегі сіңген Қатыш апаның бүгінгі таңда ерлігі мол, марапаты көп: «Батыр Ана», «Алтын алқа» ордендері мен Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегері, тыл ардагері. Жолдасы Төлеш Көшкінбаев қырық жыл бойы мал дәрігері болып, зейнеткерлікке шыққан. 1952-1957 жылдары Семей қаласында зооветеринарлық институтта білім алып, оқу орнының алғашқы түлегі атанған. Жарты ғасыр отасқан өмірлік серігі осыдан тоғыз жыл бұрын дүниеден озған.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Қатыш апамыз балалары мен немерелерін білім алуға, оқу оқуға тәрбиелеп келеді. Өйткені, адамның басты артықшылығы білімінде екендігін жақсы түсінген.
- Қыздарым гуманитарлық, қызмет ету саласында білім алса, ұлдарым техникалық мамандықтарға оқуға тапсырды. Өйткені ұлдың нағыз ер адамға тән, ал қыздардың әйел адамға тән мамандық бойынша еңбек еткенін қалаймын, - дейді Қатыш әжеміз.
Сөз соңында ардақты анаға салиқалы ұрпақты тәрбиелеу мен оны көбейту жөнінде сауал қойған едік. Кейуана әжей жастардың барынша бала тәрбиесіне мән беріп, көбірек ұрпақ әкелуге ниеттенсе деген тілек білдірді.
- Бала - бұл Құдайдың несібесі. Баланы беретін бір Жаратушы, демек, оның ырзығын да бір Өзі нәсіп етеді. Сондықтан Құдай берген несібеден бас тартпай, көп баланы дүниеге әкелген жөн. Баланың көп болғаны ата-анаға игі. Адам ұрпақ қалдыру арқылы өзінің аманатын мәңгі сақтай алады, - дейді Қатыш апамыз.
P.S. Бұрынғы аналарымыз қандай қайратты! Тыл мен түзде еңбек ете жүріп, он бір баланың тәрбиесін қолға алған қажырлы аналар шынайы құрметке лайық!