Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Кавказ биінде үлкен мән бар

«Болар адам он бесінде баспын дер, болмас адам жетпісінде жаспын дер» деген ата-бабамыз кезі келгенде үлкеннің жолын жас балаға да беріп отыратын. Табиғатынан алғырлық танытқан балалар ел тарихында кем емес. Батыр деген балуандарымыздың өзі 14-15 жасында жасақта тұрып, жауға қарсы шығар жігіт атанатын. Заман өзгергенімен зеректік зердесі адам тәніне, жасына қарамайтынын бүгінгі ұрпақ тағы бір дәлелдеп отырғандай. Осындай зерек баланың бірі - тоғыз жасынан бастап өскемендіктердің көзайымына айналған Мейіржан Көкенайдан сұхбат алудың реті келді

? Есіміңді естімеген Шығыс жұрты бүгінгі таңда кем де кем. Той-тойда, қайырымдылық концерттерінде көкірегің қарсы айырылып, талайды белсенді биіңмен тамсандырып жүрсің. Бүгінгі ретте жақынырақ танысатын мүмкіндік туып отыр. Би өнерінде жүргеніңе қанша болды?

- Мен биден бұрын сурет өнерімен айналысқанмын. Қаламыздағы арнайы сурет үйірмесінде мектепке дейінгі дайындық сыныбына барып, бес жыл қатарынан сурет салумен айналыстым. Өкінішке орай, бұл үйірменің кейінгі бағдарламасы мен үшін ауыр болып кеткендей еді. Себебі, тоғыз жасымда сурет үйірмесімен қатар кавказ биінің үйірмесіне бара бастадым. Сабағым түсте еді. Таңертең биге барып, үйге келе салысымен асығыс-үсігіс сурет үйірмесіне жүгіріп кетемін. Артынша сабағыма баруға тура келеді. Осыдан кейін өзіме артқан жүктің тым ауыр екенін түсіндім. Бәрібір «атан түйе көпірде таяқ жейді» емес пе? Сондықтан биге деген қызығушылығым артық болғандықтан осы жолды таңдадым.

? Өзіңмен шамалас балалар еркін шешім қабылдауға әлі сенімсіз. Бұл ретте бұл би түріне сені баулыған адамдар болды ма?

- Анам мені өте гиперактивті бала санайды. Бірде туысымыздың тойында кавказ биін билейтін жігіттер өнер көрсетті. Сол кезде анам «Мейіржанды кавказ биіне үйрету керек» деп әкеме айтыпты. Әкем еш қарсылық білдірмеді. Жалпы менің де еш қарсылығым болған жоқ. Тек артынан ерекше сүйіспеншілігім оянып кетті. Сондықтан анамның бұл жолды таңдап бергеніне мүлдем қарсы емеспін, керісінше, шын жүректен қуанамын. Болашақта да осы жолмен кетемін деген сыңайым бар.

? Бұл биді қалайша үйрендің? Шапшаң әрекеттерін жаттап үлгеру қиынға соққан жоқ па? Кейбір адамдар бұл биді үйренуге бірнеше жылдарын сарп ететіні белгілі.

- Басында арнайы үйірмеге барып, екі жыл дайындалдым. Қаламызда бұл биді үйрететін екі адамның үйірмесі бар. Оның бірі - Равиль есімді азамат. Ал екіншісі баршамызға танымал - Джамал Аскеров. Мен Джамалдың қолында тәрбиелендім. Жалпы, бұл би мен үшін аса ауыр болған жоқ. Керісінше, тез игере бастадым. Джамал ағамыз да анама қимылдарды «тез игеріп алатынымды, алысқа баратынымды» айтыпты. Мақтанып айтқаным емес, бұл жерде тек биге деген үлкен қызығушылығымның үлесі деп білемін. Қызығушылығың болса, кез келген өнерді үйреніп кетуге болатын сияқты. Қазір Джамал ағамыздың тәлімін толық алып болдым. Ендігі ретте жаңа билерді «Ютуб» ғаламтор порталы арқылы үйреніп келемін. Тәжірибе жинауды тоқтатуға болмайды деп білемін.

? Кавказ билерінің де түр-түрге бөлінетінін өзіңнен байқадық. Олардың түрлері қандай? Айырмашылықтары неде?

- Шешен биінде жұдырығың түюлі болады. Ал әзірбайжандықтар алақандарын ашып билейді. Грузин биінде бұлардың екеуі де қолданылады. Міне, бидің айырмашылықтарын осыдан да байқауға болады. Айта кету керек, олардың киім үлгісінде де біршама өзгешелік бар. Мұны ажырату аса үлкен қиындық тудырмайды деп ойлаймын.

? Қазіргі таңда бидің көптеген түрлері бар. Мысалы, тиктоник, брейк-дэнс, стрит-дэнс деген жаңа қоғамның билерін атасақ болады. Олардың үйірмелері біздің қаламызда да жоқ емес. Неге бұл би түріне тоқталдың?

- Сіз атаған билердің көптеген түрлерінен айтарлықтай үлкен мән көре алмадым. Ол билер туралы шын пікірімді білдіре алмаймын, бірақ кавказ билерінде үлкен мән жатыр. Қарап тұрсаңыз өжет қимылды сәнді жеткізіп, нағыз ер мінез танытады. Мұнда жатқан үлкен харизма да бар. Сонымен қатар, бидегі шапшаң қимылдарды есепке алмасақ болмайды. Мұның барлығы үйлесім тапқанда белгілі бір қисынға келеді. Ол бір белгі береді, бір әрекетті суреттейді. Мұның барлығы мені тамсандырмай қоймады.

? Өнерлілер арасында көптеген сайыстар, байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Бұл тұрғыда жетістіксіз сені елестету қиын...

- Иә, осыдан екі апта бұрын ғана Металлургтер сарайында республикалық би байқауы өтті. Міне, бұл байқауда гран-при иегері атанған болатынмын. Жалпы осы сияқты байқауларға, қайырымдылық кештеріне жиі қатысып тұрамын. Көп жағдайда тойда өнер көрсетуімді сұрап жатады. Айтып өткенімдей, мен қазір 12 жастамын. Әлі мұндай байқаулар ұйымдастырылып жатса, қалмасым анық.

? «Жігітке жеті өнер де аз» дейді атам қазақ. Суретшілік өнерің де бар екен. Бұл шектелген жерің емес шығар?

- Мұнымен тоқтап қалмасым анық. Қазір сонымен қатар ағылшын тілін тереңдетіп оқудамын. Жуықта ғана «BEST» тілдер орталығында білімімді сынға түсіріп, арнайы грамотаға ие болдым. Бұл жетістігімді де ерекше бағалаймын. Қазір мектептерде үш тілді қатар оқытатындықтан, тілді игере беруді жөн көрдім. Өзімнің байқағанымдай, жетістікке жету жолында тілді білудің маңызы зор. «Бір тіл білсең - бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген нақыл оқыған едім. Қалада өскендіктен орыс тілін жетік білемін. Ал қазақ тілі - ана тілім, енді танымал ағылшын тілін игеріп келемін.

? Мұнша өнерді арқалау да тегіннен болмас. Халқымызда қанның күшін жетік білген. Өзің де өнерлі отбасыдан шыққан боларсың?

- Біз өте белсенді отбасымыз. Маған дейін дүниеге келген ағам Әлімжан Көкенай таеквондомен айналысады. Ол қазір 16 жаста. Жастығына қарамастан Кореядан «1-ші дан» иегері болып қайтты. Қазір бұл спорт түрінен спорт шебері кандидаты. Былтыр қараша айында таеквандодан Қазақстан Республикасы чемпионатында жастар арасында 51 келі салмақ дәрежесінде үшінші орынға ие болды. Сол сияқты Аружан атты қарындасым бар. Ол қазір жеті жаста. Ол да балет би үйірмесіне қатысып жүр. Болашақта оның да бір жетістікке жететініне толық сенімдімін.

? Армансыз адам ескексіз қайықпен тең болады. Армандамай тұра алмайтын бала жоқ, сірә. Бұл тұрғыда қандай армандарыңмен бөлісе аласың?

- Болашақта өзімнің би өнерімді жалғастырғым келеді. Мүмкін хореограф боламын, өз мектебімді ашамын. Бұл биді жақсы көретінім рас. Әрине, болашақта бір мамандықты игерген де дұрыс шығар. Бұл тұрғыда әлі нақты шешім қабылдап көрген емеспін. Мен кино көргенді ұнатамын. Мүмкін арманым да соған байланысты болатын шығар. Бір өнер екінші өнермен байланысты деп ойлаймын.

? Жоғарыда тойға шығып тұратыныңды айтып едің. Жастайыңнан ондай ортаға шығу қиын болған жоқ па?

- Той да өнер ортасы. Түрлі әндер, билер орындалады. Үйреншікті аға-әпкелерім өнерлерін көрсетеді. Мен де сондай ортаға сіңісіп алдым. Өнерді бағалайтын адамдар шын көңілдерін білдіріп жатады. Мұнымен де азын-аулақ табысым бар. Өзім айтып кеткендей, киноға баратын ақшамды өзім тауып аламын.

Сұхбатыңа рахмет!

Следующая →