Есірткі жасқа қарамайды
Адамзат баласы көңіл көтерудің не бір жолдарын біледі. Кейде бұл тұста білімі шектен шығып кететінін мойындау керек
Адамзат баласы көңіл көтерудің не бір жолдарын біледі. Кейде бұл тұста білімі шектен шығып кететінін мойындау керек.
Қазіргі таңда зиянды деп танылған, қолданысқа тыйым салынған заттардың барлығы бұрынғы заманда медициналық тұрғыда қолданылып келген. Мысалы, темекі өкпе ауруын емдеді десек, алкогольді ішімдік ауруды бәсеңдететін құрал болып танылған. Бұл ретте не медицина саласын, не ғылымды жазғыру қиын. Барлығы адам мен оның әрекетінің айналасында ғана.
Бүгінгі таңда нашақорлық - қоғамда белең алған ауыр дерттердің бірі. Жарасы жеңіл алкогольді ішімдік пен темекідей емес, батқан адамды батпағына сорып алатын дертке балалар да шалдығып жатады.
«Шығыс Қазақстан облысының наркологиялық диспансері» КМҚК жасөспірімдер кабинетінде биылғы жылы есірткіге тәуелді 1 жасөспірім тіркелген. Ал өңір бойынша есірткі қолдану салдарынан алты адам қаза тапқан. Айта кетейік, олардың арасында жасөспірімдер жоқ.
- Кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында нашақорлық соншалықты жиі кездеспейді, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Іляс Мұхамеджан. - Қазіргі уақытта нашақорлық бойынша диспансерлік тіркеуде 1 бала, ал бақылаулық тіркеуде 16 кәмелет жасына толмаған тұлға тұр. Бақылаулық топта, яғни, қауіп тобындағы жасөспірімдер 1 жыл ішінде ай сайын бақылауға келіп тұрады. Одан ары қарай 5 жыл қатарынан қадағалауға алынады.
Есірткі қолдануды уақытында анықтау мақсатында диспансердің нарколог-дәрігерлері білім ордалары арасында ата-аналардың немесе қамқоршылардың келісімімен есірткі түрлерін анықтауға арналған тест қолдану арқылы профилактикалық тексеру жүргізеді.
- 2017 жылдың 9 айы ішінде барлығы 2116 жасөспірім тексеруден өткен, - дейді Іляс Мұхамеджан. - Оның ішінде 132 баланың психикалық белсенді заттарды қолданатындығы анықталған. Ал 8 бала есірткі қолданатын болып шықты.
Дәрігерлердің айтуынша, есірткі қолдану белгілерін адам қылығынан да байқауға болады. Әсіресе, жасөспірімдерге келгенде, балалардың оқуға, спортқа деген қызығушылығы төмендейді, жатсыну, ашушаңдық сезімдері үдей түседі. Сол сияқты араласатын достары, ортасы ауыса бастайды. Сырт белгілеріне келгенде көз қарашығы себепсіз тарылып, тамаққа деген тәбеті өзгереді. Жасөспірімдерді есірткі қолданды деген күдік туындаған жағдайда, ата-аналары дереу білікті маманға жүгініп, ем қабылдатуы керек.
Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық, ішімдікке салыну сұрақтары бойынша Өскемен қаласында «Нұрсалауат» жастар орталығы да 2010 жылдан бері қызметін жүргізіп келеді. Бұл орталық салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, аталған мәселеге ұшыраған балалармен арнайы мамандардың көмегімен жұмыстар жүргізеді.
- Жастар орталығы 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді, - дейді орталық жетекшісі Нұргүл Евстаулетова. - Біз 14 және 29 жас аралығындағы жастармен жұмыс істейміз. 2011 жылдың ақпан айында Риддер қаласында және 2012 жылдың наурыз айында Аягөз қаласында филиалдарымыз ашылды. Біз тек есірткі емес, алкогольді ішімдік, темекі, АИВ сынды дерттердің алдын алу мақсатында қызмет етеміз. Бұл мақсатта білім ордаларына барып арнайы семинарлар, дебаттар, тренингтер мен ауқымды акциялар ұйымдастырып тұрамыз. Балалардың жағдайы мүлдем мүшкіл болған жағдайда біз арнайы психолог мамандармен жұмыс істейміз. Балалардың қорқынышын да түсінуге болады. Олар мұндайда өз сырларын жасырып қалады. Олармен жеке жұмыс істеу үрдісі бізде шетелдегідей дамымаған. Бірақ жүгіну фактілері тіркелмеді деп айтуға да келмейді. Кейде балалар өздері келіп, ішкі сырларын ашады. Мұндай жағдайда біз көмегімізді аямаймыз.
Жастар орталығы күнделікті жұмыс істейді. Егер балаларды немесе ата-аналарды мазалаған сұрақтар туындаса, орталық мамандарынан 280-445 телефоны арқылы ақпарат, көмек алуға болады.