Тазалыққа үйрене аламыз ба?
2016 жылдың сәуірінен бастап ҚР Экологиялық Кодексінің 301-бабы бойынша полигондарда тұрмыстық қатты қалдықтардың 12 түрін сақтауға болмайды. Алайда бұл қалдықтарды үймелеу жұмыстары бүгінгі таңда да жалғасын табуда
ҚР Экологиялық кодексінің талаптары бойынша 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап сұйық, медициналық, шиналар мен басқа да қоқыс түрлерін арнайы полигондарға көмуге тыйым салынады. Осыған байланысты қоқысты сұрыптап жинау жұмыстарын ұйымдастыру жоспарлануда. Экологиялық тұрғыда бұл қаншалықты пайдалы жоба?
2019 жылдың қаңтарынан бастап бұл тізімге тағы 5 қалдықтардың түрі кіретін болады. Нәтижесінде полигондарда сақтауға тыйым салынатын тұрмыстық қатты қалдықтар саны 17-ге жетеді.
Бұл талаптарды жүзеге асыру үшін ШҚО және Өскемен қаласы бойынша Жол картасы жасалды.
Өскеменде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың алғашқы қадамдары жасалып келеді. Оларға макулатура, пластик, шиналар мен металлдарды атауға болады.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап кешенді шаралар қабылдау үшін облыстық мәслихат хатшысының төрағалағымен қалалық және облыстық құрылымдардың қатысуымен апта сайын жиналыстар өтеді.
- Жоғарыда аталған ҚР ЭК 301-бабын жүзеге асыру мақсатында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинау үшін қоқысты жекелей жинайтын кешен құрылысы қажет болады, - дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының басшысы Геннадий Корешков. - Аталған 17 тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселелері шешімін таппайынша, мұндай қымбат кешенді тұрғызу бар сұрақтардың шешімін таппас.
Шынымен, жобаны жүзеге асыру арнайы полигондардан бөлінетін эмиссияны біршама төмендетер еді. Қалада қарапайым қоқыс жәшіктерінен өзге, макулатура, пластик, шыны, құрамында сынап бар ТҚҚ жинайтын жеке жәшіктер орнату туралы шешім қабылданып қойды. Ал қоқысты «алыстан тұрып» лақтыратын әдетіміз тұрғанда бұл өзгеріске қаншалықты тез бейімделеміз?
- Иә, қала тұрғындарының менталитетін өзгертуге жылдар кетуі мүмкін. Бірақ бұл қоқысты рұқсатсыз төгу мәселесін шешеді, - дейді Геннадий Леонидович. - Бұл мәселе айтарлықтай оңай шешімін таба қоймас. Біріншіден, қоқыс құбыры бар көптеген көпқабатты үйлер жетерлік. Екіншіден, туындайтын сұрақ: жеке меншік үйлер, бау-бақша бірлестіктер, кішігірім қалалар мен ауылдардағы тұрмыстық қатты қоқыстар қалай сұрыпталады? Үшіншіден, жергілікті мекендерде сұрыптап жинайтын жәшіктерді орнататын орын жоқ. Төртіншіден, көлік көмегімен орталықтандырылған ТҚҚ жинау мүмкіндігін қарау керек. Болмаса, шикізатты арнайы қабылдау орындарын белгілеу шарт.
Бүгінгі таңда ТҚҚ өңдеу кәсіпорындары орналасқан қала сыртына қоқыс шығару ұтымсыз. Себебі, көлікке кететін шығын пайда есесін төмендетіп жібереді. Ал қайта өңдеу жұмыстарын сол жерде ұйымдастыру тағы тиімсіз. Тағы да ТҚҚ көлемі тым аз болады. Сондықтан инвесторлар Өскеменде мұндай кәсіпорын салуды 10 жылдан бері созып келеді.
Қоқысты сұрыптап жинау бойынша қала тұрғындарының пікірлерін де біліп көрген едік.
- Естуімше қоқысты бұлай сұрыптау жолы Жапония елінде кең таралған, - дейді қала тұрғыны Құралай Ерікова. - Күншығыс елі тазалық сұрақтарына ұқыпты қарайтыны анық. Қазіргі таңда ол елде қарапайым газды сусындардың қалбырларына дейін сұрыпталады. Сол сияқты платмасса бөтелкелерді қабылдайтын арнайы құрылғылар орналасқан. Қазақстан халқының арасында мұндай тәрбиені қалыптастыру оңай емес шығар. Бірақ мүмкін емес демеймін. Әзірге бұл жобалар жүзеге асу үрдісінде болғанша, балаларды мұндай тәртіпке баули берген дұрыс. Сол кезде нақты нәтиже алуға болады. Яғни, қазірден бастап тазалық насихатын кеңінен жүргізу керек-ақ.
Экологиялық қауіпсіздік орталығы мамандарының айтуынша, жоғарыда аталған себептерге орай кәсіпкерлер «қоқыс» бизнесінен айналып өтуге тырысады. Шынына келгенде, ТҚҚ-ны өңдеу әлдеқайда ұтымды.