Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Жылы сөздің жүз дәрілік емі бар

Нарықтық заманның асқақтап тұрған дәуірінде жанды сөз жер жебіріңе жетеді. Адамзат жақсылықты ұмытқан дейтіндер бар, бірақ құр сөзге ермей, жақсы істің жасырын ғана жүзеге асатынын дәлелдей білетін адамдар тағы бар.

Біреу білер, біреу білмес, бірақ адамзат баласына жақсылық пен шапағат қана таситын мамандықтар бар. Олар төтенше жағдайлар қызметкерлеріндей тіршілік соғысына түспейді, олар адам өмірін өлімнен арашалап қалу үшін дәрігерлердей қолдарын қанға боямайды. Олар тек жақсы тәрбие мен таза ниетті құрал етіп, жары құдай жалғыз жандардың жүрегіне арқау болады. Олар - әлеуметтік қызмет мамандары.

30 қазан - әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өткен болатын. Осыған орай төл мереке иесі - "Үлбі" халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығының маманы Бақыт Утеевамен әлеуметтік қызметкердің бір күнімен танысып өттік.


Мамандығыма ауыл тәрбиесі әсер етті

Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылының тумасы Бақыт Утееваның әлеуметтік қызмет саласында 23 жылдық өтілі бар. 2 баланың анасы орта мектепті тәмамдап, Өскемен қаласында кітапханашы мамандығын игерген.

- Оқуымды бітіре салысымен ауылға қайттым. Ауылда тұрмыс құрып, бес жыл қатарынан кітапханашы қызметін атқардым. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау, қайта құру кезеңінде ауылдан қалаға көшіп келдік. Сол кезде әлеуметтік қызметке орналастым. Сырттай қарағанда, мұнда тағдырдың өзі әкелді деуге болады. Содан бері, міне, 23 жыл өтіп кетіпті, - дейді Бақыт Советбекқызы.

Жұмыссыздық, аштық, посткеңестік дағдарыс заманында біреулер тағдырдың бағыттауымен жүрсе, бірі қалауынан қайтпай қарыштай білді. Қиын-қыстауда ит арқасы қиянға жол тартқандар көп болды. Әлеуметтік қызмет мамандары жақынынан, ағайын-туыстарынан алыстап, жалғыз қалған қарттарға қолдау көрсетіп, демеу болып келеді.

- 23 жыл бұрын әлеуметтік қызмет саласына келгенде Инна Бугаева атты әжеміз бізді тіркеген болатын. Қазіргі таңда менің қамқорлығымда тоғыз қызмет алушы әже бар. Ауылды жерде өскен қазақ балалары ата-әжелеріне қарап өседі. Алғашқы сәтте олар немерелерін күтсе, кейін олар ата-әжелеріне қарайды. Міне, осындай тәжірибенің арқасында бүгінгі мамандығымда тез орын таба алдым. Бірақ ауыл дегенімізбен, жұмыс барысында қарайтын қарттар түрлі ұлт өкілдерінен болғандықтан біраз қиындықтар да туындап тұрды, - дейді Бақыт Өтеуова.

Күтім – әрқашан қиын еңбек. Өзіңнің өмірлік тәжірибеңді арқау етіп, балаға білгеніңді дарытасың. Бірақ өмірлік тәжірибесі өзіңнің білгеніңнен асып кететін қарт ата-әжелердің жайы бөлек. 1933 жылдардың аштығын да, өңменіңнен өтетін ызғарын да, қатуыл қабақты ғасыр соғысы мен дағдарысты да көрген адамдардың мінезінен сыпайылықты сұрап алу қиын.

- Қиын мінезді адамдар кездесіп тұрады. Ол біз үшін қалыпты жайт десек те болады. Алғаш келгенде сенімсіз қарап, әр қадамыңды бақылап отырады. Кейде қабағын шытып, ашылмай, әңгімеден тартынады. Мұндай қарым-қатынасты бағалай жүріп, өзіміз де тәжірибелі психолог мамандары болып аламыз. Әр адамның жүрегіне деген жол әр түрлі екенін мамандығымыз айқындайды, - дейді Бақыт Советбекқызы.


Тұрмыс тынысынан...

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейді қазақ мақалы. Әркімнің жүрегіне жол тауып, тіл табысып кету де екінің бірінен шыға бермейтін қасиет. Сондықтан әлеуметтік қызмет мамандарын қоғамның сұрыпталған мейірімді жандары деп атауға толық лайық.

- Көмек алушылардың өмірінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, бүгін таңертең осындай қарттарымыздың бірі сүйіп жейтін тәтті-таралғысын әкеп беруді сұрады. Біз мұндай сұраныстарды қалт жібермеуге тырысамыз. Қарттар барлығын көңіліне алып қалуы мүмкін. Ал егер болмаған жағдайда байыппен, жұмсақ сөйлеп, көңілдерін түсірмеудің амалын ойлаймыз, - дейді Бақыт Утеева.

Атақты физик Альберт Эйнштейін «өмір велосипед сияқты, тепе-теңдік сақтау үшін қозғалу керек» деген көрінеді. Адамның өмірін қозғалыссыз елестету қиын. Әттең, бірақ мұндай өмірге де көнуге тура келетін шақ әркімде болады. Ауылдағы ата-әжелеріміз жер үйде тұрып, төрт қабырғаға қарап отырғысы келмесе, қала өмірінде мұндайды, тіптен, елестету қиын. Бірақ адам қандай да болсын жағдайға бейімделеді...

- Біз негізінен жеті бағытта жұмыс істейміз. Әлеуметтік, мәдени, экономикалық, психологиялық дегендей түрлі бағыттар бар. Бұл ретте, психология тұрғысын ерекшелеп айту керек. Адам баласы ұзақ уақыт далаға шықпаса, қатты күйзеліске шалдығуы мүмкін. Кейде мүмкіндігіне байланысты жылдармен далаға шықпайтын адамдар кездеседі. Мұндайда біз олардың көңілдерін көтеріп, күйзелістен шығаруды мақсат етеміз. Кейбір қарттар саябақтарға барып серуендейді, базардан киім алады. Біз еріп жүреміз, - дейді Бақыт Утеева.

Мемлекеттік ұйым ретінде әлеуметтік қызметкерлердің барлық жұмыстары сараланып бағаланады. Дәрі-дәрмектер, коммуналды қызмет құны, барлығына есеп жүргізіліп, тексеруден өтеді. Бірақ қазіргі таңда жалғыз басты қарттарды өз қамқорлығына алып, мұрагерлікке дүние-мүлкін алып қалуды көздейтіндер жоқ емес. Бұл да нарық заманының тағы бір сарқыны десек болады.

- Белгілі бір адамды біреу өз қамқорлығына алса, я болмаса оларға қарайтын туысқандары болса, біздің қызметіміз талап етілмейді. Көп жағдайда біздің қызметімізге 1990 жылдардағы дағдарысқа байланысты балалары көшіп кеткендер жүгінеді, кейбірінің мүлдем туысқаны, жанашыры болмайды. Біз осындай жалғызбасты жандарға қолдау береміз. Жағдайлар әртүрлі болып келеді, кейбір қарттардың шетел асып кеткен балалары жылына бір рет келіп отырады, - дейді Бақыт Советбекқызы.


Өмірде мейірімді адамдар көп...

Аптасына екі рет қарттардың халін, тұрмыс-тіршілігін, қажеттіліктерін қадағалап отыратын мамандар сырқаттанып қалған көмек алушылардың жандарынан әрқашан табылады. Маманның айтуынша, кейде осындай жағдайлар орын алып, күн сайын бір ай көлемінде болсын жандарынан табылатын сәттер туындап тұрады.

- Мейрам күндері сырқаттанып қалса, қажетті дәрі-дәрмектерін алып келеміз. Ауруханаға жатса да, міндетті түрде көңілін сұрап қайтамыз. Оларды қалпына келтіру үшін қариялармен ұзақ әңгімелесеміз, әбден бауыр басып кететініміз соншалық, өз үйімізге келе жатқандай әсерде боламын, - дейді Бақыт Утеева.

Адамдар ең алдымен табиғатқа бейімделеді. Тек осыдан кейін ғана табиғатты өзіне бейімдейді. Қала өмірі адамдарды қатуландыра түседі, бірақ бұл осы мамандық иелеріне қатысты құбылыс емес. Бұл заңды болса да, әлеуметтік қызмет саласы мүлдем өзгеше қырларымен танылады.

- Біздің жұмыс орнымыз да, кадр бөлімі де, есепшілер де, тіпті, бастықтарымыз да өздерінің атқарып жүрген қызметтеріне бейімделіп кетеді. Тіпті, бізге келген бөтен адамдар да, жұмыстағы адамдардың әлеуметтен өзгеше мінез танытатынын ескеріп жатады. Біздің адамдармен тілдік қатынасымызды бағалай отырып, кез келген адаммен мейірімділікпен сөйлесетінімізді айтады, - дейді Бақыт Советбекқызы.

Әлеуметтік қызмет саласына келушілер де жоқ емес. Қазіргі таңда жастар да бұл мамандықты игеріп, жұмысқа орналаса бастаған. Мұндай ортаға түскен адам бұл мамандықтың кез келген саладан өзгеше екенін түсінетін болар...

- Жастар да бұл мамандыққа келіп, көріп кетеді. Әрине, ол адамның өз ықыласы мен ниетіне байланысты. Кейбір адамдар шыдамайды, кейбірі тез игеріп кетеді. Жалпы бұл өмірде мейірімді адамдар көп қой. Сондықтан бұл қызметке тұрақталып қалатындар да жиі кездеседі, - дейді Бақыт Утеева.

Следующая →