Балықшылар қазасы екі есеге өскен
Жыл басынан бері Зайсан көлінде үш балықшы қаза тапқан. Айта кету керек, бұл қайғылы оқиғалардың барлығы Тассай ауылының маңында орын алған
«Адамға балық берсең, бір күн тойып жүреді. Аулауды үйретсең, өмір бойы тоқ жүреді» дейді халық даналығы. Қазіргі таңда, әсіресе, ерлер арасында балық аулау кең таралған ермек. Бұл үшін еркек кіндікті азаматтар аудан-ауданды шарлап кетуге бар. Бірақ отпен ойнағандай, сумен ойнаған да қауіпті. Қарапайым анекдоттан бастап, күнделікті айтылатын әзілде де балық аулау мен ішімдік ішу айнымас демалыс түрі болып табылады. Бұл тұрғыда қауіпсіздік шаралары қаншалықты жоғары ескеріледі?
Көлдегі қайғылы оқиғалар балықшылардың көпшілігі су қоймаларында қауіпсіздік техникаларын сақтамаудан, синоптиктердің ауа райы болжауын және Төтенше жағдайлар департаментінің ескертулерін ескермеуден орын алады.
- 2017 жылы Шығыс Қазақстанның су қоймаларында 12 адам қаза тапты, - дейді ШҚО ТЖД басшысының міндетін атқарушы, полковник Александр Ломыгин. - Бұл жалпы қаза тапқан 52 адамның 24 пайызын құрайды. Былтырғы жылмен салыстырғанда балықшылар қазасы екі есеге өскен. 16 балықшы түрлі қиын жағдайлардан құтқарылды. Олардың 8-і арнайы қайықтарды қолданған.
ТЖД мамандарының айтуынша, дауылды кезеңде жүзу құралдарымен балыққа шығу, тексерілмеген, бұзылған құралдарды пайдалану, мас күйінде балық аулау балықшылардың қазасына себеп болады. Сол сияқты су қоймаларының көптеп кездесуі, балықшылармен байланыстың төмендігі, құтқарушылар бөлімдерінің аздығы да қайғылы оқиғалардың себептеріне жатады. Қазіргі таңда күзгі балық аулау кезеңі ашылды. Осыған орай ТЖД мамандары күннің суытуына байланысты қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.
- Балық аулауға мұз қалыңдығы 10 сантиметрден асқаннан кейін ғана шығу керек, - дейді Александр Ломыгин. - Жылыну кезеңінде олардың салмақ көтеру қабілеті бірнеше есеге төмендейді. Мұзасты балық аулауға барғанда құтқарушы жилет, бір ұшында 200-300 грамм салмақты жүк бекітілген, екінші ұшында ілмегі бар 15-20 метрлік арқан алып жүру қажет. Балық ауланғанда арқанды сақадай сай дайын ұстаған жөн. Іс насырға шапқанда арқанның жүк тағылған жағын көмек қажет ететін адамға лақтырасыз.
ТЖД мамандары балық аулауға су қоймасын жақсы білетін тәжірибелі балықшылармен шыққан дұрыс деп есептейді.
- Мұз үстінен жүргенде адамдар арадағы 5-6 метр қашықтықты сақтау керек, - дейді ТЖД полковнигі. - Жүкті мұзға құлағанда оңай лақтыра салатындай жинау керек. Шаңғы бекітетін орындарды бірден босата алатындай мүмкіндік болуы шарт. Сол сияқты, мұз ұңғымаларын көптеп жасаудың қажеті жоқ. Бұл мұздың беріктігін әлсіретеді. Кетерде олардың орнын белгілеп кеткен жөн. Суы ағынды жерлерде, терең сынықтары бар орындарда, өсімдіктер өскен, кәсіпорын қалдықтары төгілетін жерлерде балық аулауға тыйым салынады.
Қаланың абыр-дабыр өмірінен алыстап, Зайсан көлінің жағасында жай тауып жатқан өскемендіктердің саны басым көрінеді. Бұны Зайсан қаласының тұрғындары да, аңшылық шаруашылығы да растайды.
- Балық аулаудың үлкен ермек екені белгілі, - дейді Зайсан қалалық аңшылық шаруашылығының директоры Сергей Чернов. - Зайсан суы соңғы жылдары үш жарым метрге жуық көтерілді. Бірақ бұл балықшыларды тоқтатпайды. Керісінше балық аулауға қызығатындар саны жыл санап өсуде. Шынын айту керек, қайғылы оқиғалар да орын алып тұрады. Биыл үш балықшының көз жұмғаны белгілі.
Сергей Анатольевичтің айтуынша, балық аулау мен ішімдік ішу айнымас ермек болып кеткен. Тек соңғы жылдары бұл үрдіс біршама бақылауға алынып келеді.
- Зайсанды қоршаған аудандарда балық аулау ермектен бұрын кәсіпке айналып кеткен. Қазір олар қара нанын осы шаруамен тауып, күн көріп отыр. Қарасаңыз, бұл өздігінше жеке сала болып кеткен, - дейді Сергей Анатольевич. - Аудандардан өзге, негізгі балық аулаушылардың басым бөлігі Өскеменнен ат шаптырып келеді. Қазіргі таңда Құйған, Тұғыл ауылдарында балық аулауға рұқсат етілген. Қала тұрғындары келіп, адам басына бес киллограмға дейін балық аулайды.
Балық аулау үрдісінде бірқатар тыйым салынған әрекеттер бар. Оларды төтенше жағдай мамандары әрқашан ескертеді. Жүзу құралдарын қолдануға барысында істен шыққан құралдарды пайдалануға тыйым салынады. Жүзу құралдарын жолаушылардың сыйымдылығына сүйене отырып қолдану керек. Сол сияқты қайықтың бір шетінен, екінші жағына, бір қайықтан екіншісіне көшуге қатаң тыйым салынады. 14 жасқа жетпеген балаларды үлкендердің қарауынсыз жіберуге, түнгі уақытта балық аулауға болмайды.