«Бремен музыканттары» заманауи стильде қойылады
Шығыс Қазақстан облысы Жастар театрының жалынды жас актерлері 17 қараша күні үлкенге де, кішіге де танымал, даңқты ағайынды Гриммдердің «Бремен музыканттары» ертегісінің желісімен жазылған қойылымды тұңғыш рет көрерменге ұсынғалы отыр
Бүлдіршін балалардың көңіліне таңсық, ересек қауымның көзайымы болған бұл ертегіні сахналауға жігерлі жастардың басын қосып, білек күшін бір іске жұмылдырған - жас режиссер Дарын Қалибекұлы. Қойылымның тұсаукесеріне орай, жас режиссермен сұхбаттасқан едік.
- Әңгімемізді туған жеріңіз бен білім алған ортаңыздан бастасақ...
- Мен 1992 жылы Өскемен қаласында дүниеге келдім. Қаладағы қарапайым ғана мектепте білім алдым. Алдымен №20 орта мектепте оқыдым, кейін №16 мектепке ауыстым. Бала күнімде суретшілер үйірмесіне қатысқанмын. Дүниені, әлемді шығармашылық қиял тұрғысынан қабылдау сол кезден басталды. Ал кәсіби білімді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Театр режиссері» мамандығы бойынша алдым. Өнер академиясына оқуға тапсыруға барған кезімде еліміздің белді режиссері Мұрат Ахмановтың өзі оқу ордасында жеке мамандығын ашып, алғашқы түлектерін қабылдап жатыр екен. Талапкер жастарды өзі сынақтан өткізіп, таңдап алды. Оның арасында мен де бар едім.
- Театр саласын таңдауыңызға не әсер етті?
- Оныншы сынып оқып жүрген кезімде Жамбыл атындағы драма театрдың қойылымын тамашалауға бардым. Марқұм Рүстем Есдәулетов ағамыз қойған «Қара торғай» атты спектаклі жан-дүниемді тебірентіп жіберді. Талан-таражға түскен суретшінің тағдыры көзге еріксіз жас үйіріп, көңілге толғағы көп ой сыйлады. Қойылымнан шыға салысымен Рүстем ағадан «Театрға келіп, дайындықтарыңызға қатыссам бола ма?» деп сұрадым. Ол кісі қарсылық білдірмеді. Әртүрлі қойылымдарға қатысып, тәжірибе жинай бастадым. Рүстем аға да білгенін үйретуден жалықпады. Облыстық театрда алған тәжірибемнің арқасында оқуға түстім.
- «Бремен музыканттары» сахнағалы отырған алғашқы туындыңыз екен. Режиссура саласындағы тұңғыш қойылымыңызды неге дәл осы туындыдан бастадыңыз?
- Театрымыз жыл сайын жігерлі де талантты жастармен толығуда. Қайраты тас жарып, құм үгітетін талантты да жас актерлердің неге жалынды қуатын пайдаланып, көрерменнің құмарын қандырмасқа?! «Бремен музыканттары» қозғалыс пен ырғақтан, қызба мінез мен ынтық сезімнен тұрады. Әрі койылым ырғақ пен нақышқа толы болса, көрерменнің көңілі жалықпайды, сергек отырады. Ширақ қимыл мен шадыман көңіл кімді болса да баурап алары сөзсіз. Сондықтан темпераменті келісті, әсем әуен мен әдемі би көмкерілген осынау сыры мол спектакльді қоюға бел будым.
- Дегенмен, бұл ауыр туынды ғой, мұны таңдап алуыңның тағы да қандай себептері бар?
- Жоғарыда айтқанымдай, бұл - менің театр қабырғасында сахналағалы отырған алғашқы туындым. Әу баста театрға келгенімде көркемдік жетекшіміз Айдын Салбанов «балаларға деген базарлығың болсын, бір ертегіні сахналап көрейік, өнердегі жолыңды ертегіден баста» деген ұсыныс айтты. Шағын ертегілердің бірнешеуін таңдап алдық. Алайда балаларға да, үлкендерге де таныс «Бремен музыканттары» ертегісін таңдадым. Қойылым ауыр болғанымен, берері мол.
- Аталған спектакль елімізде бұрын-соңды сахналанған ба?
- Қойылымды біздің театр үшінші болып сахнағалы отыр. 2013 жылы Алматыда орналасқан Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры сахналаса, осы жылы Көкшетау қаласында Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры көрермендеріне сыйға тартты. Негізінде, спектакльді қазақ тіліне аударған әрі сахналаған Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Фархадбек Қанафин еді. Геннадий Гладковтың «Жол әні» атты атақты әнін де қазақ тіліне тәржімалаған.
- Қойылым ертегі желісімен жазылғанымен, одан өзгеше болуы заңды. Спектакль ертегі сюжетіне қаншалықты жақын?
- Спектакльдің Кеңес кезінде түсірілген мультфильмнен өзгешелігі бар, онда айтылған әндерді қайталауға тырыспадым. Туынды заманауи стильде қойылады. Яғни, әншілер рок стилінде киініп, аспап асынып, мотоциклмен елді кезбек. Түрлі шытырман оқиғаларды бастан кешіреді. Қазақ тілінде ғана ән шырқайды. Тек рок-н-ролл жанрындағы әндерді ғана емес, түрлі жанрдағы әндерді орындап көрмекпіз.
- Ал әншілердің киімі қандай болмақ, тек рок стиліндегі киімдерді ғана киіп шыға ма?
- Ертегі қаһармандарының барлығы - кезбе әртістер. Яғни, еркіндікті жаны сүйетін өнер иелері. Сондықтан кейіпкерлердің де киімдері бір үлгіде қалып қоймауы тиіс. Еркін жанның өмірдегі қалауы да өзгеше болады. Сол себепті барлық әртістің бір киімде киінуі олардың жеке образын қалыптастыруға кедергі келтіреді. Модерн, абсурд, түсініксіз стильде киіну де олар үшін заңды. Ал киімдер театрдың тігін цехында дайындалады. Тігіншілер де өз ойын ортаға сала алады.
- Қойылымның көрермендерге берер тәрбиесі қандай?
- Спектакльдің тұла бойы тәрбиеге толы. Мұнда адал достық пен нәзік махаббат, өнерге деген құштарлық жырланады. Басты рөлдегі Кернейші жігіт кезбе әртіс, тұрақсыз жан бола тұра, патшаның қызына ғашық болады, оған жар болудың амалын іздейді. Яғни, табансыз адамның өзі баянды махаббат үшін бар күшін сарп ететіндігі айтылады. Ал оның шытырман оқиғадан жапа шекпей өтуіне адал достары көмектеседі. Сатқындық пен адалдықтың ара жігі көрсетіледі.
- Алдағы жоспарларыңыз жайында айта отырсаңыз...
- «Бремен музыканттарынан» кейін моноспектакль қоюды ойлап отырмын. Яғни, қойылымда тек бір ғана кейіпкер өнер көрсетеді. Оның ішкі жан тартысы, психологиялық тебіреніс күйі, философиялық толғанысы көрініс табады. Қоғам ішіндегі мәселелер бір ғана адамның аузынан айтылып, әлеуметтік қайшылық атаулының түп-тамыры астармен, жалғыз жанның жан айқайымен жеткізіледі.
- Сұхбатыңызға рахмет! Қойылым сәтті өтсін!