«Бұдырлы» белгінің мәні қандай?
Құлқын сәріде дәнекерлейтін «отшашар» алып, қозғалтқышты жылытып әлек болмау үшін, төмен температурада қата бермейтін қозғалтқыш майы қажет
Темір тұлпарыңның «тері қатпасын» десең антифриз, тосол алуың керек. Ең бастысы «тағаланған» бұдырлы дөңгелектер тағынбасаң, бақытыңнан да, бағытыңнан да таясың. Әңгіме аясы да осы «Бұдыр» белгісінің орнатылуы, орнатылмауы жөнінде шыққан дүрбелең төңірегінде болмақ.
- «Бұдыр» белгісін орнатпағаным үшін бір-екі рет ұсталғаным бар, - дейді Жандос Ырымжанов атты қала жүргізушілерінің бірі. - Бұл белгіні орнату міндеттілігі туралы жол жүру ережелерінен де оқығанмын. Тек, ол жерде ешқандай әкімшілік жазаның қаралмағаны жүргізушілердің наразылығын тудырған болар. Себебі, мұндай белгілердің ең қарапайымы автодүкендерде 300 теңгеден тұр. Ал оған салынатын жазаның құны әлдеқайда жоғары.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «Жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу» 620-бабына үңілетін болсақ, «Кодекстiң осы тарауында тiзбеленбеген, жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаларында белгiленген, жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу - ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады».
Расымен, жарты парақ қағаздың жоқтығы үшін салынатын айыппұл көлемі өз бағасынан жиырма есеге артық. Аталған белгіні орнату сұрақтары Астана қаласында біршама дүрбелең тудырғаны, кейін бұл белгі үшін айыппұл алынып тасталатыны белгілі болды. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінен жауап алып көрген едік.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген көлік құралдарын пайдалануға рұқсат ету жөніндегі негізгі қағидаларға сәйкес «Бұдырлар» - қызыл түсті жиегі бар, ұшы жоғары қараған, ішіне қара түсті «Ш» әрпi жазылған ақ түстi тең жақты үшбұрыш (үшбұрыштың жақтары кемiнде екі жүз миллиметр, жиектiң енi – жақтың 10/1) түріндегі таным белгісі бұдырланған шиналары бар механикалық көлiк құралдарының артында орнатылуы тиіс, - дейді ШҚО ІІД МТАБ басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Маймақова. - «Бақылау» автоматтандырылған іздеу жүйесінің «Бұдырлар» белгісі жоқ автокөлік жүргізушілері жасаған әкімшілік құқықбұзушылықтар санын сапалы анықтауға мүмкіндігі жоқ.
Жалпы, бұл белгіні орнатудың пайдасы қанша? Айыппұл төлегісі келмейтін адам бұл сұрақты әсте орынды санар. Бірақ қауіпсіздікке үлкен мән беретін тәжірибелі жүргізуші немесе полиция қызметкері орайын тауып, түсіндіріп береді.
- Сырғанауға қарсы бұдырланған шиналары бар қысқы дөңгелектер қарлы жолдарда немесе көктайғақ кезінде автокөліктің жүріп өту мүмкіндігін жоғарылатады, - дейді Гүлназ Маймақова. - Ескертіп айту керек, бұл бұдырлар көлікті бірден тоқтату қажет болған жағдайда, автокөліктің тежеуіш жолының ұзындығын екі есеге қысқартады. Соның салдарынан қыс мезгілінде көліктердің соқтығысу қаупі біршама төмендейді. Сонымен бірге, дөңгелегінде сырғанауға қарсы бұдырланған шиналары бар автокөліктің соңынан келе жатқан көлік құралының жүргізушісі алдындағы көліктен арақашықты барынша алшақ ұстауы қажет. Егер автокөлікте «Ш» белгісі орнатылса, онда жол қозғалысы қатысушыларының арасындағы арақашықтың алыс болғаны жол-көлік оқиғалары мен апаттық жағдайлардың қаупін төмендетеді.
Жалпы тұрғыда айтатын болсақ, тәжірибелі жүргізуші «Ш» белгісі орнатылмаған көліктен әрқашан алшақ жүруге тырысатын болады. Сондықтан айыппұл салынсын, салынбасын оқыс жағдайдың алдын алу мақсатында кез келген техникалық талаптардың орындалуына мән берген дұрыс. Себебі, қылдай қателік кейде адам өмірінің құнын талап ететін жайы бар.