Өскемен
ясно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Сүйікті іс табысқа жеткізеді

«Еңбегімен ер сыйлы», «еңбек ер атандырады», «еңбек - ердің көркі» дейді халқымыз. Еңбек еткен адамның ырысы мол, ісі берекелі, ниеті ізгі келеді

Еңбек адамды қанағатшыл болуға үйретеді, қарапайымдылық пен парасаттылық та еңбектен бастау алады. «Адамның бақыты еңбегі мен ісінде, жүрек қалаған, көңіл түскен істі істеген адам ешқашан жалықпайды, шаршамайды» дейді бүгінгі кейіпкерлеріміз. Зайсан халқын көкөніспен қамтып отырған Мажитовтар жанұясы аудандағы еңбекқор адамдардың өнегелі үлгісіне айналған.


Егіншілік - ата кәсіп

Үш ұл мен бір қыз баланы тәрбиелеген, үш немеренің атасы Рауль Мажитов пен отыз жыл отасқан жары Алмагүл Тоқпаева бүгінде бір ауданның халқын бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Ринат» атты үлкен шаруа қожалығын құрып, атадан қалған кәсіпті өркендетіп отыр. Азамат, Ринат, Рамиль есімді үш ұлы жоғары білімді азамат болса да, Ринат пен Рамиль әкесінің жанына қайтып келіп, сүйікті іспен, табысты кәсіппен шұғылдана бастаған. Ал Рауль Мажитов болса, егінші атасы мен сушы әкесінің ісін жалғастырған.

- Атамыз Рафхат Мажитов - 1980 жылдардың ортасында ауданда егін өсіру мен жоңышқа егуден рекорд жасаған жан. 1983 жылы жүгерінің әр гектарынан 300 центнер өнім алып, рекорд жасаса, жоңышқаны бір жазда үш рет шабатын болған. Әдетте, жоңышқа бір жазда екі рет шабылады, - дейді Рауль Мажитов.

Отағасы қазірде жүгері дақылын өсірумен айналыспаса да, 120 га аумаққа көкөністің түр-түрін егіп, одан мол өнім алып отыр. Оның үстіне, Зайсан топырағы бау-бақша дақылдарын өсіруге бейімделгендіктен, егін ерекше күтім мен баптауды қажет етеді.

- Шаруаны 1996 жылы бастадық. Кеңсай ауылының шетінен аздаған жер алып, оны отбасымызбен өңдедік. Алғашында өнімдерді саудаға шығарған жоқпыз. Жерді үлкейтіп, әртүрлі көкөністерді еге бастаған соң, оны сатуды да қолға ала бастадым. Бүгінде көкөністерімізді Зайсан мен Тарбағатай ауданы тұрғындары сатып алады. Жер - тіршілік көзі, су - өмірдің нәрі. Дегенмен, көбі Зайсан ауданында құнарлы жер де, су да болғанымен, солтүстік пен оңтүстіктегі шұрайлы жердің қорегіне жете қоймайды деседі. Бұл жердің топырағы дәнді дақыл өсіруге икемді емес деп ойлайды, алайда ептілік таныта білген адам қасиетті қызыл топырақтан толағай өнім ала алады. Кейде қара топыраққа қарағанда қызыл-сары топырақтың құнар қасиеті артып кететін кездері болады. Мәселен, қызыл топырақта өнім ерте жетіледі. Дегенмен, ауданның топырағы күтім мен бапты ерекше талап етеді, - дейді Рауль Нұрахметұлы.


Тұқымды жылы жерде өсіреді

Тәжірибесі мол диқан көп өнім жинаудың жалпы технологиясын да игеріп үлгерген. Шаруаның айтуынша, көкөніс тұқымы алдымен үй маңындағы жылы орында өсіріледі, ал дән Голландиядан сатып алынады.

- Тұқым жәшіктерге баптап салынған топыраққа егіліп, кейін жылыжай ішінде маусым басталғанша ұсталады. Үй маңында шағын үш жылыжай бар. Бұрыш, баклажан сынды көкөністерді ақпан айынан бастап-ақ өсіре бастаймыз. Ал күн жылынған кезде көшеттерді егістікке апарып отырғызамыз. Үстіне целлофан жабылады. Тыңайтқыш көп қолданбаймыз, - дейді қожалық басшысы.

Яғни, шаруа жаз қамын қыста ойлайтын көрінеді. Диқан көктемде көшетін егіп, жазда оны бағып-қағып, күзде сатып рақатын көрсе, қыста оның жемісін жеп демалады. Бірақ зайсандық егінші қыста демалуды мұрат тұтпайды. Себебі уақыт зая кетсе, өзіне де, өлкеге зиян келерін сезеді. Ал егіндікке таң белгі бергенде-ақ аттанады.


Қысқа қажеттіні қамдап қойған

Аудан басшылығы халықтың қыста азық-түліктен таршылық көрмейтіндігін айтады. Өйткені жер өңдейтін шаруаның көбі қойма қазып, қамбаны азықпен толтырып қойған. Күзде берекелі өнім алатын Мажитовтар жанұясы да маңдай термен келген өнімді сақтау үшін екі көкөніс қоймасын салған. Тағы бір қойманы әлі салу үстінде.

- Көкөністі уақытында сатып үлгермесең, бұзылып шіриді. Мұндайда төккен терің текке кетеді. Сондықтан оны сақтаудың жолдарын іздеу керек. Жер астында салынған қоймада өнім жақсы сақталады. Қазірде қоймамызда 30 тоннадан астам қырыққабат, 20 тонна картоп, 5 тонна сәбіз, 2 тонна қызылша сақталған. Ауданы 180 шаршы метр болатын тағы бір қойманы салудамыз, - дейді Рауль Нұрахметұлы.


Қаладан жұмысшылар алдырады

Кеңсайлық шаруаның егінінде еңбек етуге қаладан жыл сайын онға тарта көмекші жұмысшы келеді. Егін жұмыстары көктемде басталғанымен, қос қолға бір күрек таба алмай жүрген жандар ақпан айынан бастап-ақ шаруаның қол астына келіп, қолғабыс ете бастайды. Жұмысшының күнделікті киім-кешегі мен тамағын қожалық қамтамасыз етеді.

- Ал күзде жұмысшылар табысын қолына алып, қайтадан қалаға аттанады. Кісі ақысы деген бар. Баспанасыз жүрген жандардың көбіне қолдан келгенше көмектестік. Керек-жарағын алып береміз, оң күтім жасаймыз. Сондықтан жыл сайын бізге келіп жұмыс істегілері келеді, - дейді отанасы Алмагүл Тоқпаева.

Жанұя тек егін өсірумен ғана айналыспайды, төрт түлік мал өсірумен де шұғылданады. Шаруа қорасындағы малын да жасырмады. 70-тен аса ірі қара, 20-дан аса жылқы өсіріп отыр. Дегенмен, отағасы малға қарағанда бақшаның табысы мол екендігін айтады.

- Мал өсіретін шаруа алғашқы табысын екі жылдан кейін ғана қолға түсіре алады. Ал бау-бақша өсіруші шаруа науқан сайын табыс табады, - дейді отағасы.


Кооператив құрғысы келеді

Жер мен елдің жайын білетін, оның күйін баққан шаруа алдағы жоспарын айтып, өз ойымен бөлісті.

- Зайсан ауданында көкөніспен айналысатын тағы ірі «Шығыс» атты шаруа қожалығы бар. Сонымен бірлесіп, кооператив құру жөнінде жоспарлаудамын. Бір ұжымға бірігу арқылы мемлекеттен қаржылай көмек алуға болады. Былтырдан бастап субсидия беру тоқтатылған еді. Кооперативке біріккен шаруаларға субсидия бөлу біршама жеңілдетілген, - дейді Рауль Нұрахметұлы.

Одан бөлек, шаруа Кеңсай ауылында жылыжай салуға да ниетті екенін жеткізді.

- Қыста елде қызанақ, қияр сынды көкөністер жетіспей жатады. Бағасы да өсіп кетеді. Сондықтан жылыжай салу керек. Жылыжайда жеміс өсірудің қиындығы көп, бірақ табысы да мол, - дейді шаруа.

Егер жылыжай ашылар болса, зайсандық шаруаның өнімдері Өскеменге де тасымалдана бастамақ.


Ауданға қаржылай көмек көрсетеді

Туған өлкегеге көмектесуді парыз санайтын отбасы ауданның әлеуметтік саласына қолдау танытып келеді. Әсіресе, білім алған мектепке көмектесу - бұл ауданның да, отбасының да дәстүріне айналған.

- Қайырымдылық жасасақ та, оны айтқымыз келмейді. Жақсылық пен игі іс адамның өзі үшін жасалады, оның жасырын болғаны жөн, - деп қайырды отағасы.

Дегенмен, отбасының анасы Алмагүл Қалибекқызы Кеңсай орта мектебіне үнемі қол ұшын беріп келе жатқандығын жеткізді.

- Төрт баламыз да Кеңсай орта мектебінде білім алған. Артымыздан келе жатқан немерелеріміз де мектепте оқитын болады. Сол себепті мектептен қол үзбейміз. Қаржылай да, заттай да қол ұшын беруге әзірміз. Биыл Кеңсай орта мектебінің ашылғанына елу жыл толып отыр. Ауыл кәсіпкерлерімен біріге отырып, мектеп әкімшілігіне сый жасадық, - дейді Алмагүл Тоқпаева.


Еңбегі көптің - өнбегі көп

Еңбегімен елге еленген өнегелі отбасы «табысқа жеткің келсе, ең алдымен, сүйікті ісіңмен айналыс» деп өсиет етеді.

- Сүйікті ісімен айналысқан адам ешқашан шаршамайды, шалдықпайды. Шын ниетпен, ізгі жүрекпен кіріскен істің берекесі мол, ырысы несібелі болмақ. Бұл біздің қағидамызға айналған. Ұл-қыздарымызға да осыны өсиет еттік. Сондықтан да қарапайым тұрмысты қалаған ұлдарымыз біздің жолды жалғастыруды жөн көрді, - дейді отанасы Алмагүл Қалибекқызы.

Жер - адамзатқа берілген несібе. Қазақта «еңбек» пен «егін» егіз ұғымға айналған. Егін еккен адамды еңбекқорға балап, зор құрмет көрсеткен. Жалғыз аңшы бір ауылды асыраса, жалғыз диқан бүкіл ауданды асырайды. Бұған бүгінгі кейіпкеріміз дәлел. Жан қалаған шаруамен айналысқан қарапайым ғана отбасы бүкіл ауданға азық беріп отырғанын Зайсан халқы да растап отыр. Демек, табысын қағазбен емес, қолымен тапқан қарапайым шаруалардың ісі берекелі, нәсібесі ризыққа толы болсын демекпіз!

Следующая →