Өскемен
пасмурно
+10°
  • Өскемен
    +10°
  • Алматы
    +16°
  • Астана
    +4°
  • Ақтөбе
    +14°
  • Актау
    +21°
  • Орал
    +18°
  • Қарағанды
    +14°
  • Көкшетау
    +6°
  • Қостанай
    +10°
  • Қызылорда
    +25°
  • Павлодар
    +7°
  • Петропавловск
    +7°
  • Тараз
    +16°
  • Туркестан
    +12°
  • Шымкент
    +18°
$
442.05
+0.61
474.14
+1.05
¥
61.07
+0.11
4.74
-0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Үржарда 12 бала гепатитке шалдыққан

Соңғы жылдары өңірімізде вирустық гепатитке шалдыққандар саны артып келеді. Бұлай деуімізге де негіз жоқ емес. Мұны дәрігерлер де, тіпті, халық таңдаулылары - депутаттар да кеңге сала айтуда

Соңғы жылдары өңірімізде вирустық гепатитке шалдыққандар саны артып келеді. Бұлай деуімізге де негіз жоқ емес. Мұны дәрігерлер де, тіпті, халық таңдаулылары - депутаттар да кеңге сала айтуда.

Көз алмасының ағынан, тырнаққа дейін сарғайтып жіберетін вирустық гепатитті халық арасында «сары ауру» деп атайды. Қазіргі таңда бұл дерт туралы алдыңғы буын жақсы хабардар. Себебі, Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізбей тұрғанда сары ауруға шалдыққандар саны басым болған. Бірақ бүгін билік өкілдері ауыз толтыра айтатын экономиканың қарыштап тұрған дәуірінде вирустық гепатит Үржар ауданында қиын жағдай тудырған.

- Облысымызда жедел вирусты гепатитпен 84 адам тіркелген, - дейді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова. - Оның ішінде 41-і бала, 43-і ересек адам. Сонымен қатар, созылмалы вирусты гепатит 585 ересек адамда тіркелген. Жалпы, вирусты А гепатиті Шығыс Қазақстан облысының 11 аймағында тіркелген. Вирусты А гепатиті - маусымдық ауру болып табылады. Әсіресе, күзгі-қысқы кезеңдерде кеңінен таралады. Сонымен қатар, 5 жылдық циклмен қайталанып тұрады. Бұл облыс бойынша тұрақты жағдай.

Үржар ауданы Шолпан ауылындағы жағдай алаңдаушылық тудырады. Ауылдағы жалғыз орта мектепте 46 бала А гепатиті дертіне шалдықты деген күдік туды. Оның ішінде 25 бала тереңдетілген тексеруден өтсе, тек 12 балада «сары ауру» анықталған. Олар медициналық көмек алғаннан кейін ауруханадан шығарылды. Ауруға шалдығу фактісі алғаш қыркүйек айында тіркелген. Бұл сәтте ШҚО қорында вирусқа қарсы вакцина да болмаған екен.

Мамандар ауру көзін табуға тырысып бақты. Тұрғындар кесел жергілікті мекендегі су тоғандары мен құдықтардан келді деп ойлаған. Осыған орай мамандар мектеп пен бір отбасы тегіс ауруға шалдыққан үйден 62 су сынамасын алған. Нәтижесінде вирустық улануға қатысы бар белгілерді анықтаған. Су қоймаларын залалсыздандыру жүргізілген соң, қайта тексеру нәтижелері вирустың суда жоқ екенін көрсеткен.

Кейін мамандар вирустың көзін тапқан. Анықталғандай вирус Шолпан ауылына Семейден тойға қонақ болып келген тұрғыннан тараған. Ал ауруға шалдыққандармен байланыста болғандарға вакцина тек желтоқсан айында беріле бастаған.

- Шолпан ауылында вирусты А гепатитіне қарсы екпені 140 адам алды, - дейді Райфа Сафиоллинова. - Барлық үйлер мен мектепте залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Патологоанатомиялық сараптама және зертханалық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 11 жастағы қыз баланың бауыр некрозы мен сепсистен көз жұмғаны белгілі болды. Бұл дерттің вирусты А гепатиті ауруына қатысы жоқ.

Адам қатынасымен тарайтын созылмалы гепатиттің, әсіресе, С вирусының белгілері қарапайым тұмаудан айнымайды. Мұндайда науқастар өздерінің қандай кеселге душар болғандарын да аңдамай, қоршаған ортаға қауіп төндіруі ықтимал. Дерттің өсуінен бөлек, оны емдейтін не алдын алу мақсатында жүргізілетін вакциналар тапшылығы бар. Бұл тек облыс көлеміндегі мәселе емес, республиканы тегіс қамтуда.

- Біз 2018 жылы вакцина тапшылығы мәселесін шешіп, оларды сатып алуға тендер өткізуді жоспарлаудамыз, - дейді Райфа Сафиоллинова.

Вирустық гепатитке шалдыққандардың басым бөлігі Семей қаласында, Шемонаиха, Үржар, Аягөз, Зырян аудандарында тіркелген. Бірақ дәрігер мамандар вирустық гепатитке қарсы тек вакцинация емес, адамның күтінуі де біршама ықпал ететінін айтады.

- Вирустық гепатиттің А, В, С, D, E, F, G түрлері кездеседі, - дейді қалалық инфекциолог дәрігерлер. - А гепатиті - фекальды-оралдық, алиментарлық, B, C вирустары - жыныстық және парентеральдық, D, E, F, G вирустары қан арқылы беріледі. Вирустық гепатит, әдетте, тұмауға тәуелді симптомдармен көрінеді. Шаршау, бас ауруы, тәбетін жоғалту, жүрек айнуы немесе құсу, дене қызуы 38,8 С дейін көтеріледі. Жалпы жағдайы нашарласа, сарғыштық пайда болуы мүмкін. Тері, көз ағы сарғайып, зәр түсі қоңырланады. Түссіз нәжіс бөлініп, оң жақ қабырғаның асты ауырсынып, қыса түседі. Бірақ кейде ауру ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Қарым-қатынастағы тұлғаларға жұқтырмау шаралары тек вирустық гепатитке қарсы вакцинация арқылы ғана емес, жеке гигиенаны, көп сусын ішу, дұрыс тамақтану, жұмыс және тынығу режимін сақтауды, бөлмені желдету және өзге де шараларды қажет етеді.

Айта кету керек, бұл дерт ең алдымен шаштараздарға қатер тудырады. Адамдармен күнделікті қарым-қатынаста болу өзіндік тәуекел жүктейді. Сол сияқты инфекцияның таралуына кеңінен жол ашылуы мүмкін.

Ал депутаттар өз кезегінде вирустық гепатитті анықтау, алдын алу және емдеу сұрақтары бойынша Жол картасын құруды ұсынуда. Сол сияқты вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді тасымалдаушылармен жұмыс істеу керектігін айтады.

Следующая →