Өскемен
пасмурно
+10°
  • Өскемен
    +10°
  • Алматы
    +16°
  • Астана
    +4°
  • Ақтөбе
    +14°
  • Актау
    +21°
  • Орал
    +18°
  • Қарағанды
    +14°
  • Көкшетау
    +6°
  • Қостанай
    +10°
  • Қызылорда
    +25°
  • Павлодар
    +7°
  • Петропавловск
    +7°
  • Тараз
    +16°
  • Туркестан
    +12°
  • Шымкент
    +18°
$
442.05
+0.61
474.14
+1.05
¥
61.07
+0.11
4.74
-0.01
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Пәтер ұрлығы өршіп тұр

Ел арасында ұрлық-қарлық көбейді деген қауесет қаптады. Тіпті, қаладағы бір ауданның өзінде бір айдың ішінде онға жуық пәтер ұрлығы болып, оның бірде-біреуі ашылмаған. Полицейлер де ұрлықтың көбейгенін жасырып отырған жоқ. Ал тұрғындар болса, учаскелік полицей өз қызметін дұрыс атқармайды, насихатты жоспарлы түрде жүргізбейді деп айыптап отыр

Ел арасында ұрлық-қарлық көбейді деген қауесет қаптады. Тіпті, қаладағы бір ауданның өзінде бір айдың ішінде онға жуық пәтер ұрлығы болып, оның бірде-біреуі ашылмаған. Полицейлер де ұрлықтың көбейгенін жасырып отырған жоқ. Ал тұрғындар болса, учаскелік полицей өз қызметін дұрыс атқармайды, насихатты жоспарлы түрде жүргізбейді деп айыптап отыр.

ШҚО Ішкі істер департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, облыста 2016 жылы барлығы 3511 пәтер ұрлығы тіркелсе, 2017 жылдың 11 айында 3645 пәтер ұрлығы тіркелген. Яғни, он бір айдың қорытындысының өзі алдыңғы бір жылдық қорытындыдан асып тұр. Бір ғана Өскемен қаласының өзінде былтыр 1200-ден аса ұрлық болған. Ал оның тең жартысы Үлбі ауданында тіркелген. Оның үстіне, статистикаға сенсек, үш ұрлықтың біреуі сол күйі ашылмай қалады екен.

- 2017 жылы аталған қылмыстың ашылуы 70,2%-ды, 2016 жылы 69,1%-ды құрады, - деп мәлімдеді ШҚО ІІД баспасөз қызметі бұған қатысты.

«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазар» демекші, ұрылардың өздері белгілі бір ауданға «маманданып», сол маңды қасқырша торып, күн кешетін көрінеді. Газет редакциясына хабарласқан Өскемен қаласының «Бабкина мельница» шағын ауданының тұрғыны желтоқсан айының ортасында үйінің тоналғанын және көршілерінің де тонауға ұшырағанын, алайда әзірше ешқандай ұрының табылмағанын айтты.

- Ұрылар жер үйдің пластик терезесін бұзып кіріп, алтын бұйымдар мен ақшаны алып кеткен. Бірден полицияға хабарластым. Алдымен ішкі істер басқармасының қызметкерлері келді, олар мардымды іс жасады деп айта алмаймын. Ал олардан кейін келген криминалист мамандар үйдің жылуын өлшей отырып, оның тоналғандығына біраз ғана уақыт болғандығын айтты. Полицейлер кеткен соң ғана бір көшеде тұратын көршімнің үйі де апта бұрын тоналғанын естідім. Артынан бізге дейін күзде осы ауданда төрт үйге ұры түскенін білдім. Ал жаңа жылға дейін тағы екі ұрлық болды. Одан кейін тағы бір көршім хабарласып, қатарынан бес үйдің тоналғандығын айтты. Сонда менің естуім бойынша барлығы он екі үй тоналған. Сұрастыра келе бір ауданда, бір көшеде тұрып, осыншама үйдің тоналғандығын біліп таңқалдым. Өйткені тым болмағанда, учаскелік полиция ауданда ұрлық болғанын хабарлап, сақтық шараларын жасауымызды ескертуі тиіс еді ғой. Тұрғындар хабардар жүрсе, арандатушылық бой бермейді деп ойлаймын. Бұл тағы бір деректі көрсетуі мүмкін. Яғни, белгілі бір ұрылар тобы бір ғана ауданда әрекет етіп, сол ауданның үйлерін тонайтын сияқты көрінеді. Егер ауданда хабарламалар іліп, жұртты абай болуға үндесе, ұрлықшылар да бұл ауданды тонауға жүрексінетін еді, - дейді тұрғын.

Ал полиция қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтып ақталып отыр.

- Пәтер тонау мен бөтеннің мүлкін ұрлауға жол бермеу мақсатында жедел қызмет мамандары аула-аулаларды, бұрын сотталған адамдарды, ұрланған заттардың сатылымға қойылуы мүмкін орындарды тұрақты түрде тексеріп тұрады. Жергілікті полиция қызметі тоқсан сайын жұртшылықпен жиындар өткізеді, - деп мәлімдеді ШҚО ІІД баспасөз қызметі.

Тұрғындар полицейлердің жұмысына өкпелі болса, полицейлер, өз кезегінде, халықтың немқұрайлығына наразы екен. Полицейлердің ойынша, халық өз мүлкіне салақ, енжар қарайды. Кейде үйін де, көлігін де бекітпей кетеді. Ал қолындағы заты мен үйіндегі мүлкіне тиянақтылық танытып, сақ жүргеннің көрер зардабы аз. Иелігіндегі дүниеге салғырт қарап, ұрлатып алған адамның ісі полицейлерге жүк түсіретін көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта елдің Ішкі істер министрлігі мүлкіне ие болмай, ашық-шашық тастап, ұрлатып алған адамның ісін қарамау, керісінше, салғырттық танытқаны үшін оған айыппұл салу туралы заң жобасының өзгерісін өндіріске енгізгісі келеді. Мәселен, көлігінің есігін ашық тастап, ішіндегі заттарын ұрлатса, үйдің есігін бекітпей, мүлкін тонатса, онда бұл тұрғынға полициядан күтер қайыр жоқ. Өйткені полицей олардың өзін кінәлайтын болады.

Заң дайын болғанымен, әлі қарауда жатыр.

Ал салғырттық танытпауға кеңес берген полицейлер келесідей сақтық шараларын жасауды ұсынады.

- Бірінші қабатта тұратын азаматтар терезелерін темір тормен қаптауға, тұрғындарға есіктерге қосымша құлып салып жүруге, сыртқа бейнежазба камерасын қойып, күзет сигнализациясын орнатуға кеңес беріледі, - дейді тәртіп сақшылары.

Алайда қазіргі уақытта қала тұрғындарының көбі есігін жауып, үйін құлыптап жүретіні белгілі. Төменгі қабатта тұратындардың да көбінің терезесі торланған. Оның үстіне, кез келген тұрғын бейнежазба камерасы мен күзет дабылын орнатып, оның қызметіне өз қалтасынан қаржы төлеп тұра алмайтындығы белгілі.

Редакциямызға хабарласқан тұрғын да үйін құлыптап қалдырған көрінеді. Үйінде иті де болған, бірақ оны қаскөй ұрылар улап тастаған. Технология дамыған сайын ұрылардың әккілігі күшейе түседі. Соған сай полицейлердің де әккілігі күшеюі тиіс емес пе?!

Следующая →