Шілікті ауылына жол салына ма?
Шілікті жазығындағы ашық-шашық жатқан обалар жайында газетіміз бұған дейінгі сандарында ашып жазған болатын. Облыстық мәдениет басқармасы, құрылыс және сәулет басқармасы Шілікті маңындағы ашық обалардың жабылып, келесі жылдан бастап саркофаг салу жұмыстары басталатындығын хабарлаған болатын
Шілікті жазығындағы ашық-шашық жатқан обалар жайында газетіміз бұған дейінгі сандарында ашып жазған болатын. Облыстық мәдениет басқармасы, құрылыс және сәулет басқармасы Шілікті маңындағы ашық обалардың жабылып, келесі жылдан бастап саркофаг салу жұмыстары басталатындығын хабарлаған болатын.
Шілікті жазығында мұражай салу мен обаларды жабу жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілмек. Оның ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарына енгізілгені ауыл халқын біршама қуантып тастады. Алайда киесі мен қасіреті қоса табысқан бұл өлкенің мәселесі мұнымен бітпейді. Шілікті, бір жағынан, киелі жер. Алайда оған ешкім көңіл бөліп отырған жоқ. Бұл - оның қасіреті. Шілікті ауылы қасиетті бабалар жатқан киелі жер екендігін Шығыс өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстан жұрты мақтаныш тұтады. Алайда өзге жұрт ол ауылдың бүгінгі сиқынан бейхабар. Ауыл халқы Алтын адам табылғанда-ақ, ата-баба қонысын жандандырып, туристік орынға айналдырып, жол тартамыз деп жоғары басшылық уәде бергенімен, оның әзірше бірде-бірі орындалмай отыр.
1997 жылы Тарбағатайдан Зайсан ауданына қосылған ауылдық округтің жолы салынбағанына, су тартылмағанына жиырма жылдай уақыт болған. Ал Шілікті ауылдық округінде 2300-дей адам тұрады. 2009 жылы жүргізілген Ұлттық санақ кезінде үш мыңға жуық адам тіркелген. Құрамына Тасбастау, Жалши, Кәкенталды, Қарасай, Қазақстан, Кемпірбұлақ, Шілікті сынды жеті ауыл енеді. Орталығы - Шілікті ауылы.
- Шіліктінің екі үлкен мәселесі бар. Ол - ауыз су мен жол. Көп жылдар бойы айтыла-айтыла жауыр болған ауыз су мәселесі 2017 жылы толығымен шешімін тапты. Жалши, Тасбастау, Шілікті ауылының көшелеріне бірнеше жерден су шүмектері орнатылды, - дейді округ әкімі Құрмет Сағиев.
Алайда көне көшпенді мәдениетінің үстінде отырған осынау жеті ауылдың бір жолға жарымағаны халықтың балтыр сыздатар басты мәселесіне айналған. Шіліктінің Өскемен қаласына қарай қатынайтын екі бағыты бар. Оның бірі - Зайсан-Өскемен тас жолы. Бұған Кеңсай ауылдық округі арқылы барып қосылады. Бұл жолдың ұзындығы, шамамен, 40 шақырымнан асады.
Ал екіншісі «Шілікті-Ақжар» тас жолы. Ұзындау, бірақ күре әрі төте жол. Ұзындығы, шамамен, 120 шақырымнан асады. Бұл жолдың бойында он мыңға жуық адам қоныстанған көрінеді.
Егер «Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар» тасжолы облыстық маңызы бар жол болса, Тасбастау ауылынан Шіліктіге дейінгі жол телімі аудандық деңгейдегі жол болып саналады. Демек, Ақжар мен Шіліктіні байланыстыратын жолды жөндеу ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы міндетіне кіреді.
- «Омбы-Майқапшағай» республикалық маңызы бар автожолдан Тасбастау ауылына дейінгі 128 шақырымды құрайтын «Ақжар-Шілікті» автомобиль жолы облыстық маңызға ие. Бұл жолды күтіп, жөндеу жұмыстары «ОблШығысЖол» мемлекеттік кәсіпорнына қарайды. Ұзындығы 6 шақырымды құрайтын Тасбастау ауылынан Шіліктіге дейінгі жол телімі «Шілікті ауылына кіреберіс» деп аталады. Бұл жолды күтіп ұстау жұмыстарын «Зайсан Тазалық» ЖШС жасайды. Аталған жол Зайсан ауданы әкімдігінің құзіретінде, - дейді басқарма басшысының орынбасары Әсет Сұлтанов.
Алайда екі жол бағыты да асфальтталмаған, тесік-шұрық күйінде тозып жатыр. Бұл жағдай халықтың жамбасына әбден батқан. Егер тәуелсіздік алған жылдары бұл ауылда бес мыңға жуық халық болса, қазір үш мыңы ғана қалған. Олардың көбі Алматы мен Өскеменге көшіп кеткен. Жолдың болмауы егін мен мал шаруашылығына кері әсер етіп отыр.
- Жол өткен ғасырдың 30 жылдары салынса керек. Тәуелсіздік алған жылдары мүлдем жөнделген емес. Зайсанның аудандық жолдарының барлығына асфальт салынған. Ал облыстық деңгейдегі жолдың жөнделмей отырғаны бізді таңқалдырады. Зайсаннан Кеңсайға дейінгі жол тап-тұйнақтай. Ал Кеңсайдан Тасбастау, Шіліктіге дейінгі жол қаңырап жатыр. Жол болмаған соң, ауылдың өзі де дамымай отыр. Шекаралық аймақ қорғауға алынуы қажет емес пе?! - дейді ауыл тұрғыны Серік Хамитов.
Шілікті шекараның тура түбінде жатыр. Мұнда бір комендатура мен алты застава орналасқан. Шекараны қорғауға әскер қажеттігі, ал әскерді жеткізуге сапалы жолдың керектігі түсінікті жайт.
Зайсаннан Шіліктіге қатынайтын жол күз кезінде грейдермен тегістелген. Алайда қыстың қары мен желі тегістелген жолды қайта бүлдіріп тастайды. Жол тауға қарай тартылып жатқандықтан, бұл өңірде жел жиі соғады.
Ал Зайсан ауданының әкімі Зайсаннан Шіліктіге дейінгі жолды 2018 жылы жөндеуге уәде берген. Әкімнің ойынша, ауылға ең алдымен, су тартып алу қажет, содан кейін ғана жолды салуға кірісу керек.
- Шілікті даласында мұражай салына бастағанда жолды жөндеуді қолға аламыз, - деген еді Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов былтыр мамыр айында болған баспасөз мәслихатында.
Әзірше, ауыл жұрты Зайсан мен Шілікті арасындағы жол жөнделсе екен деп үміттеніп отыр.
Ал Ақжардан Шіліктіге қатынайтын жолдың жақын арада жөнделе қоюы екіталай. Өйткені облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл жолды жөндеуді әлі қарастыру үстінде.
- Қазіргі уақытта «Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар» тас жолының 3,7-47,5 шақырым жол телімін жөндеуді 2018 жылғы жөндеу жұмыстарының жоспарына енгізу мәселесі қарастырылып жатыр, - деп жауап берді Әсет Сұлтанов.
Ауыл тұрғындары жол салынса, Зайсан мен Ақжарға, Өскемен қаласына ет пен дәнді-дақыл тасымалдау оңайырақ болар еді деп отыр. Өйткені ауылға ауыз су тартылып, арықтар салынғаннан кейін егін егіп, бау-бақша өсіру де біртіндеп қолға алына бастаған. Мәселен, өткен жылы 520 гектарға арпа егілген. Ал кеңес кезінде Тарбағатай кеңшарында өсірілген егіннің 60 пайызын осы Шілікті даласының бір өзі ғана беріп отырған. Яғни, ауылдың климаты мен табиғаты мал мен дәнге қолайлы, құнарлы.
- Ең бастысы, бізге биліктің көңіл бөлгенін қалаймыз. Бізді жетімсіретіп отыр. Жол салса, ауыл көркейер еді. Оралман ағайындар бар. Олар егін салып, дәнді-дақыл жинауды жолға қояды. Шіліктінің ауа райы құтты, жері киелі. Өнім мол береді, малы тез өседі. Бұл ауылды экономикалық тұрғыдан пайдалану қажет емес пе?! - дейді ауыл халқы.
Елбасымыздың өзі жол бар жерде - өмір мен тіршілік бар деген жоқ па?! Шекаралық аудандарды дамыту мемлекет басшысы ұстанып отырған саясаты. Сол себепті шекаралық ауданға көңіл бөлінсе, жетімсіреп қалған Шілікті халқының да жанарына сәуле ұялар еді.