Өскемен
ясно
+9°
  • Өскемен
    +9°
  • Алматы
    +10°
  • Астана
    +13°
  • Ақтөбе
    +19°
  • Актау
    +22°
  • Орал
    +21°
  • Қарағанды
    +9°
  • Көкшетау
    +14°
  • Қостанай
    +16°
  • Қызылорда
    +17°
  • Павлодар
    +11°
  • Петропавловск
    +15°
  • Тараз
    +8°
  • Туркестан
    +22°
  • Шымкент
    +11°
$
443.35
475.54
¥
61.18
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Зайсанда кәсіпкерлер форумы өтті

Өскемен қаласында 19 қазан күні «Туған жер» атты облыс кәсіпкерлерінің үлкен форумы өткен болатын

Бұл форумда Шығыстың кәсіпкер азаматтары мектепті қолдау қорына 2,3 млрд теңге қаржыны аукцион арқылы аударып, өңірдің әлеуметтік, білім беру саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан еді.

Форум мақсаты кәсіпкерлерді өзінің білім алған, қанат қаққан мектебіне қаржылай көмек көрсетуге үндеу болды. Айта кету керек, кәсіпкерлерді мектеп жабдықтауға жұмылдыру жобасы - «Менің мектебім» науқаны тек Шығыс өңірінде бастау алды.

Ал бұл жобаның өңір төңірегінде қолға алынуына тікелей Зайсан ауданы кәсіпкерлері мұрындық болған. Ауданға жұмыс сапарымен келген облыс басшысы Даниал Ахметов Қаратал ауылындағы орта мектептің қос кабинетін жергілікті кәсіпкерлердің жабдықтағанын көріп, бизнес өкілдерін өз мектебіне қаржы құюға жұмылдыру туралы ой айтқан еді. Бұл ой ерекше форматтағы форумның өтуіне түрткі болды. Өскеменде өткен кәсіпкерлер форумы кейін 10 қараша күні Зайсан ауданында жалғасын тапты.

Ауыл шаруашылығы және өңдеу қызметкерлерінің күніне орай Зайсанда аудандық кәсіпкерлер форумы өтті. Форум екі кезеңнен тұрды. Шымылдық ашылысымен аудан басшылығы туған жерінің өркендеуіне үлес қосқан, қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысқан азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.

- Аудан кәсіпкерлері бүгінгі күнге дейін білім саласына 300 млн теңге шамасында қаржы бөлді. 33 пән кабинетін жабдықтап, жас жеткіншектерге табыстады. Аудан тумалары игі бастамаларға үнемі қолдау танытып, ізгі ниет пен жылы жомарттық білдіріп келеді. Сол үшін Сіздерге зор алғыс білдіремін, - деді Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов.

Ресми марапаттан кейін форумның қызықты кезеңі - аукцион шарасы басталды. Мұнда кәсіпкер азаматтар өзін таныстыра отырып, қай ауылға әрі қай мектепке қаржы бөлуге әзір екендігін дауыстап жеткізуі қажет болатын. Есімі жомарттығымен елге танымал атымтай жандар мектепті қолдауға қаржы аударудан аянып қалмады. Аукцион басталысымен алғаш болып сөз алған Қаратал ауылдық округінің кәсіпкерлері айналдырған бес минуттың ішінде ауылдағы орта мектептің кабинеттерін жабдықтауға 2 млн теңге шамасында қаражат аударып үлгерді. Мәселен, Қаратал орта мектебінің 20 жылдық және 40 жылдық түлектері жеке-жеке 500 мыңнан қаржы беріп, барлығы 1 млн теңге қаражат бөлуге әзір екендігін жеткізді. Ал «Ақбай» шаруа қожалығының жетекшісі Сәулеш Абылғожина Қаратал орта мектебі мен «Қазақстан» орта мектептеріне 600 мың теңге, Бақытгүл Баймұхамбетова Қаратал мектебіне 300 мың қаржылай қолдау білдіретіндіктерін айтты.

- Туған жерге бәріміз де қарыздармыз. Сондықтан оның өркендеуіне үлес қосу - өмірлік парызымыз. Бүгін екі бірдей мектептің жабдықталуына 300 мың теңгеден қаржы аударып отырмын. Мұндай игі бастамаларды дәріптеген дұрыс. Бұл өзге де кәсіпкерлерге ой салады деп ойлаймын, - дейді көп баланың анасы, кәсіпкер-меценат Сәулеш Абылғожина.

Кәсіпкерлер шама-шарқына қарай 50 мың теңгеден бастап, 1 млн теңгеге дейінгі сомаларды қорға аударып жатты. Арасында 1,5 млн теңге қаржы аударғысы келетіндер де табылды. Көбісі тек бір мектепке ғана қолдау көрсетумен шектеліп қалмай, бірнеше мектептің қатар жөнделуіне ниетті екендігін білдірді.

- Мектеп берген білім мен тәрбиені тереңдету арқылы кәсіпкерлік жолға қадам бастық. Сондықтан мектепке бәріміз де борыштармыз. Өзім білім алған Зайсан қаласындағы Әуезов орта мектебіне 100 мың теңге, жолдасым мен балаларым тәмамдаған, қазірде немерем оқып жатқан Ломоносов мектебіне 100 мың теңге табыстауға дайынмын, - деді кәсіпкер Бақытгүл Ынтықбаева.

Зайсан қаласын тәтті тағамдармен қамтамасыз етіп отырған «Рахат» цехының жетекшісі де екі мектепке қаржы бөлетіндігін жеткізді.

- Әуезов орта мектебінің 1983 жылғы түлегімін. Бұл мектепке 100 мың теңге, ал балам 8-сыныпта білім алып жатқан Мұстафина мектебіне 100 мың теңге бөлгім келеді, - деп қайырды кондитерлік цех басшысы Тұрсынгүл Ахметжанова.

Форумға еліміздің өзге қаласында тұратын зайсандық кәсіпкерлер де үн қосты.

- Әуезов мектебінде білім алған үш балам маған хабарласып, туған мектебіне көмектескісі келетіндіктерін айтты. Бұл мектепке 400 мың теңге, ал өзім білім алған Біржан ауылдық округіне қарасты Қуаныш ауылының орта мектебіне 200 мың теңге бөлемін. Еліміздің танымал тұлғалары мен спортшылары ауылдан түлеп ұшқан. Елбасымыз да ауылда туып-өскен. Сондықтан ауылға көңіл бөлуіміз - ел ертеңін қалыптастырар ұрпаққа мән бергеніміз, - дейді «Зайсан-сүт» ЖШС директоры Айдар Барысов.

Мектепті қолдау қорына кәсіпкерлермен қатар ұстаздар мен ата-аналар қауымы да атсалысты.

- Сарытерек орта мектебіне ата-аналар атынан 500 мың теңге, ал ұстаздар атынан 220 мың теңге, барлығы 720 мың теңге қаржы аударуға дайынбыз. Өзім аталған мектепте 30 жылдан астам физика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқардым. Қазірде 41 мұғалім өздері білім алған мектептерінде ұстаздық етуде. «Менің мектебім» жобасына ұстаздар қауымы да бас қосып атсалысуда, - дейді Сарытерек орта мектебіндегі ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлия Медеубаева.

Форумға қалтасы қалың азаматтармен қатар мемлекеттік қызметкерлер, зейнеткер қариялар да қолдау көрсетті. Зайсан қаласының әкімі қорға 200 мың теңге қаржы аударса, «Нұр Отан» партиясы Зайсан аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұратқызы 1 млн теңге қаржы бөлуге мәрттік танытты. Ал Көкжыра ауылынан келген зейнеткер көпке үлгі болып, өзінің және жолдасының бір айлық зейнетақысын қорға аударды.

- Көкжыра орта мектебінде жолдасым екеуіміз 25 жыл ұстаздық еттік. Қазір зейнеттеміз, шағын шаруашылығымыз бар. Немерем мектепке барады. Бұл - балалардың болашағы үшін жасаған игілігіміз, - дейді зейнеткер Сағатхан Құниязова.

Форум барысында аудандағы орта мектептерді роботтық техникамен жабдықтау үшін барлығы 11 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Оның ішінде Қаратал орта мектебіне 3 млн теңге, Сарытерек орта мектебіне 1 млн теңгеден аса, Қазақстан орта мектебіне 1 млн теңгеге жуық қаржы аударылды.

- «Менің мектебім» акциясы аясындағы шаралар Зайсанда әлі де жалғасын табады, - дейді Зайсан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Следующая →