/ Хәкім Абай бар да, "әкім ағай" жоқ
/ Рекламные блоки

Хәкім Абай бар да, "әкім ағай" жоқ

Биыл қара өлеңнің киесіне, "қара сөздің" иесіне айналған Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл
22 января 2020 года, 19:21 1558
Этот материал доступен на казахском языке
Новости Казахстана и регионов на сегодня. - Хәкім Абай  бар да, "әкім  ағай" жоқ
Источник: © Алдаспан Фото: © Өскемен қалалық ІСБ-дан

Өлеңі өмірлік танымның өзегіне, "қара сөздері" қазақы дүниетанымның діңі болған ақынның дүбірлі тойы дүркіреп өтер деп ел үміттенуде. Торқалы той қарсаңында журналистер мен ғалымдар, абайтанушылар мен ақындар, тіпті, қарапайым оқырман қауым да ой қосып, игілікке жарар идея-ларын жарыса жазуда. Бірақ биліктегі "билер" мен "шешендер" шешімін шығарып, ақын тойының жоспарын жасап үлгерген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында: "Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бас-тап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек", - деп үндеу тастаған еді. Айтқанындай-ақ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның хаттамасымен ақынның мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспары бекітіліпті. Нақтырақ айтқанда, 82 тармақты қамтитын жоспар халықаралық, республикалық және облыстық қоғамдық маңызы бар 500-ден астам іс-шараларды қамтымақ.

Бұл шаралардың барлығы да Абайды қазаққа және әлемге таныту мақсатында жасалып жатқандығы анық. Сондықтан абайтанудың алғашқы парағын ашып, мақаламызға мәйек бере кетейік. Абай туралы алғаш рет Ахмет Байтұрсынов "Қазақтың бас ақыны" атты мақала жазып, 1913 жылы "Қазақ" газетінің №39-41 сандарында жариялағанын көзқарақты жұрт біледі. Онда: "Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді" деп жазған.

Абайды танымаймын деп "таңырқатар" жандар жиырма бірінші ғасырда қазақта да бар. Десе де ұлы ақын әлем алдындағы әдебиетіміздің айнасы деп біз жүрміз. Торқалы тойын бастап та кеттік. Алдымен Абайдың 175 жылдық тойы Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы мен Президенттің қатысуымен салтанатты түрде басталды. Бұл эстафетаны ақынның туған өлкесі Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы жалғастырды. Елордада Елбасы мен Президент арнайы қатысып бастаған торқалы тойдың облыстағы салтанатты шарасында әкімдердің қарасы көрінбеді. Тұлғаның торқалы тойын ақын Қалқаман Сарин ашып, сөз сөйледі.

- Кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылған ақынның тойы бүгін, міне, облыс орталығында жалғасуда. Той құтты болсын. Облыс бойынша 500-ге жуық, қала бойынша 100-ге жуық іс-шаралар өтіп, барлығы да Абай атамыздың тойына арналады. Сондықтан біз ұлы ақынның жерлестері ретінде жауапкершілікті сезініп, Абай атамыздың аманатына адалдық танытуымыз керек, - деді Өскемен қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қалқаман Айымғазыұлы.

Абай ескерткішінің алдында басталған той төрінде хәкім Абай бар да, "әкім ағайлар" жоқ болды. Қара халық қара өлеңнің тойын өздері бас-тап кетті.

3 млрд теңге. 3 мың дана кітап. 3 көркем фильм

Қазынадан бөлінген қаржыны халықтың біразы аз десе, кейбіреуі оның орынсыз жұмсалатынын айтып кейіді. Билік тарапы қаржының жалпы қайда жұмсалатынын айтып, атқарылар ауқымды шараларды да атап көрсетті.

"Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар Мәдениет және спорт министрлігінің 3 млрд теңге көлеміндегі жылдық жоспарланған қаржысы есебінен өтетіні айтылып та, жазылып та жатыр. Жоғарыда аталған жоспардың 4-тармағына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен әр облыстың әкімдіктері өңірлік жоспарларын әзірлеген.

Той тізгінін ұстаушылар Абай шығармаларын 10 шет тіліне (француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай және түрік, жапон, неміс, италия тілдері) аударып, сондай-ақ оны 3 мың дана таралыммен басып шығармақ. Келесі іргелі ірі жобалардың бірі - Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы және қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы үш қойылымдық-деректі фильм түсіру. Бұл жоба басталып та кетіпті. Қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының 2019 жылдың 30 қыркүйегі мен 31 қазан аралығындағы іріктеу конкурсына Абай туралы 3 деректі және 3 көркем фильм киножобалары келіп түскен. Ендігі кезекте, аталған орталық қолданыстағы заңнамаға сәйкес, киножобаларды саралап, талқыламақ.

Осындай игілікті іс-шаралардың келесі бір легі ақынның туған жерінде өтпек. Ол әдеттегідей айтыс, әр түрлі тақырыптағы көрмелер, спорттық жиындар, театрландырылған қойылымдармен жалғасатыны жоспарланған. Ал Семей қаласында "Абай мұрасы және әлемдік руханият" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оған белгілі қазақстандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері шақырылмақ. 

Өткен жылы Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Құнанбай жатқан Ақшоқыға музей салу керектігі туралы журналистер сан мәрте жазған еді. Ұтымды ұсыныстар мен идеялар іске асатын тәрізді. Той қарсаңында Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын музеефикацияландыру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

Сол баяғы әдеттегідей жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар, Абай оқулары, симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдар, поэзия кештері, Абай өлеңдерін үздік оқу, әндерін орындау және шығармашылығын білу бойынша семинарлар мен байқаулар жоспарланған.

Вице министр Нұрғиса Дәуешовтің айтуынша, Абай атындағы Опера және балет театры гастрольдік сапарларына бөлінген жыл сайынғы қаржыны Абай жылына арнап Мәскеу, Түркия, Қытайға барып өнер көрсетіп, Абай шығармашылығын дәріптейді.

Жоспарланған шаралар есеп үшін емес, ел мүддесі үшін өтсе нәтижелі болары анық. Ұлы ақынның тойының дұрыс өтуі ұлтқа сын екенін атқамінерлер ескерсе екен. 

Абайдың тойы деп алақайлағандар да, алаңдағандар да бар

Халықаралық той болғандықтан жерлестері жерге қарап қалмасақ деп алаңдайды. Осы дүбірлі той қарсаңында ақын шығармашылығы жаңа қырынан зерттеліп, игілікті іс-шаралар өтсе екен деген ниетте. Тың ойлардың бірін тойдың басталуы қарсаңында ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімовтің айтқанын журналистер жарыса жазды. "Қазіргі уақытта абайтанушылар Абайды хәкім дейді. Меніңше, Абай хәкімдіктен де жоғары тұрған адам. Осыны зерттеуіміз қажет. Мәселен, Абайды үнемі Батыс пен Шығыс өркениетіне байланыстырып "солардан үйренген, зерттеген, өз халқына даналықты сол өркениеттер қазынасы арқылы түйіндей жасаған" дейді. Меніңше, қазақ халқы да аспаннан түскен жоқ. Оның арғы ата-бабаларының мыңдаған жылдардан бұрын келе жатқан өркениеті, дүниетанымы болған. Міне, Абайды осы тұрғыда зерттеу жетіспей жатыр", - депті ақын.

Ал Abai.kz ақпараттық порталы Нұрболат Әлменов есімді әлеуметтік желі қолданушысының "Абайдың 175 жылдығын шын мәнінде кімдер тойламақ?" тақырыбындағы жазбасын қаз қалпында жариялапты. Оқырманға ол мақаладан да үзінді бере кетейік.

"...Журналистер болмашы қаламақы үшін көлдей мақала жазар, тележурналистер Күлтөбенің басынан түсірілген сюжеттерін талғажау етер, "Қазақстан" ҰА-нан "Құнанбай", "Абай әндері" көрсетілер, Ғылым академиясының ғалымдары бірлесіп бір-екі монография басып шығарар, жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде ғылыми конференция өткізілер, мектептердің 1-сынып(!) оқушылары ғылыми жоба қорғар, филармония Абай әндерінен концерт берер, музей экспозициясынан жұлып алынған жәдігерлермен көрме ұйымдастырылар, театрлар 70 жыл репертуардан түспей келе жатқан "Абай" драмасын, операсын қояр, кітапханашылар кітаптарын құшақтап конференция өтіп жатқан жерлерде жүрер, Жазушылар одағында күнде мүшәйра, Семейде "оқырмандар" Т. Жұртбаймен кездесер, Алматыда "ойшылдар" Ғ. Есіммен сұхбаттасар...

Былай қарасаң, осы жұмыстарды бюджеттік сала қызметкерлері күн сайын істеп жүр және жалақыдан бөтен ақы сұрамайды. Жыл соңында осы аталған жұмыстарды істедік деп ауыл - ауданға, аудан - облысқа, облыс - министрліктерге есеп береді. Министрлік бәрін жиып-теріп, өзі істегендей етіп үкіметке баяндайды. Үкімет Парламент палаталарының Президент қатысуымен өтетін бірлескен отырысында жылды жабады. Сонымен бітеді! Ал, сіздер үш млрд аз дейсіздер!"

Біз де бұл жазбадағы жағдайдың болғанын қаламаймыз. Ұлы ақынның тойы ұлан-асыр, ұмытылмастай болып өтуін тілейміз.


Хәкім Абай  бар да, "әкім  ағай" жоқ
Хәкім Абай  бар да, "әкім  ағай" жоқ
Хәкім Абай  бар да, "әкім  ағай" жоқ
Хәкім Абай  бар да, "әкім  ағай" жоқ
Хәкім Абай  бар да, "әкім  ағай" жоқ
Хәкім Абай  бар да, "әкім  ағай" жоқ

Загрузка...

Новости по теме

Получайте уведомления от Устинка Live