Облыста екі көпір салу жоспарда бар
Облыста көлік инфрақұрылым саласында үш жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр
Күршім ауданы маңында Бұқтырма су қоймасының үстінде алып көпір салу болса, екіншісі - Ертіс өзені бойында көпір тұрғызу. Бұл көпір Виноградов көшесі мен Өскемен-Таврия тас жолын жалғастыратын болады. Ал үшіншісі - қала көшелерінде фото-бейнетіркеу камераларын орнату.
- Бұл жобаларды жүзеге асыруға 101 млрд теңге жұмсалмақ. Жобалар Еуропалық Қайта Құру банкі мен мемлекет қаражаты есебінен жүргізіледі, - дейді «ШҚО өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Шәкәрім Сабырұлы.
Бұл жобалардың ішінде ең маңыздысы - бұл Бұқтырма су қоймасындағы көпір. Бұл көпірді салуға, шамамен, 37 млрд теңге жұмсалмақ. Салынатын көпірдің жолы мен кіреберіс қалқанынын қосқандағы ұзындығы 21 шақырымнан асатын болады. Ал жолдың ені 13 метр болмақ, екі жолақты.
Әсіресе, бұл көпір Күршім, Көкпекті, Катонқарағай тұрғындары үшін өте маңызды болмақ. Жүк пен жолаушы тасымалын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін, ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көпірдің шекаралық аймақтарды дамыту бағдарламасына енгенін әрі жобаның құрылысы келесі жылы басталауы мүмкін екендігін айтқан болатын.