Шеберді саусағы асырайды...
Қазіргі өркениетті заманда жұмыс істеймін деген ниеті бар адамға кәсіптің түрлері артып жетіледі. Сондықтан болар бүгінде өз-өзіне жұмыс істейтін кәсіпкерлердің саны артып келеді
Маталардың тігісін үйлестіріп, әдемілеп, әсемдеп тігу асқан шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді. Заман талабы болар, бүгінгі таңда тігістің түрлі саласымен айналысатын тігіншілер өте көп. Бірі тек перделер ғана тіксе, енді бірі тек киімдерді тігеді, тағы біреуі ойыншықтарға ғана тапсырыс қабылдаса, тағы бір тігіншілер балаларға арналған табиғи, сапалы өнімдерді тігумен айналысады. Газетіміздің бұл санында тігіншілікке бала кезден әуес, жаңа туған сәбилерге арналған конверттер, олардың төсектеріне арналған өңір шеттерін (бортик) тігумен айналысатын Арайлым Рамазанова жайлы әңгімелейміз.
Арайлым Рамазанова 1990 жылы Көкпекті ауданы, Көкжыра ауылында дүниеге келді. Мектепте оқып жүрген шағында ең сүйікті пәні «Еңбекке баулу» болса, арманы дизайнер болу еді. Бүгінгі таңда жас Арайлым арман-мақсатының орындалу жолында келе жатыр.
Арманына адасып келді
Арайлым Рамазанованың тігіншілікке деген қызығушылығы анасының, әжесінің іс тіккендерін көріп өскендіктен байқалды.
- «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ғой. Менің балалық шағымда әжем де, анам да тігіс тігумен айналысатын. Әр үйде бір-бір тігін мәшинесі болды және оны әр әйел заты қолдана білу керектей сезілетін, - дейді Арайлым Тұрсынғазықызы.
Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде Арайлым өзінің қолөнерге деген қызығушылығының, ебінің, әуестігінің арқасында оның туындылары түрлі аудандық, облыстық көрмелерге қатысып отыратын.
- Мектепте еңбек сабағы оқытыла бастаған кезде, бұл менің ең сүйікті пәніме айналды. Үйге берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындауға тырысатынмын. Соның арқасында түрлі байқауларға, сайыстарға қатысып жүрдім, - деп қосты Арайлым Рамазанова.
Осылайша, дизайнер болуды армандаған жас Арайлым, тағдырының жазғаны бойынша Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «электроэнергетика» мамандығына оқуға түседі. Кейін мамандығы бойынша «Согралық ТЭЦ-те» қызмет етіп, магистрлік білімін де алады.
Тігіншілік деген Арайлымның маңдайына жазылған іс болар. Уақыт өте келе, отбасын құрып, шаңырақ көтергеннен кейін, өзінің бар уақытын осы іске арнай бастады.
Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді
«Алғашқы түйенің жүгі ауыр» болады демекші, Арайлым Рамазанова Өскемен қаласында балаларға арналған сапалы конверттерді үй жағдайында тігумен айналыса бастаған алғашқы тігіншілердің бірі.
- Өзім ана атанатын кезде балаға қажетті дүниелерді іздестіре бастадым. Дүкен сөрелеріндегі конверттер менің көңілімнен шықпады. Өзім тігейін деп маталар дүкендерін аралай бастап едім, баланың терісіне жағатындай сапалы маталарды таппадым. Ал ғаламтор желісінде өздерінің осындай жұмыстарын ұсынғандар аз болды және олардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында еді. Өзіміздің Өскемен қаласынан мен ондайларды кездестірмедім, - деп еске алады Арайлым Рамазанова.
Өңірімізде жаңа туған сәбилерге арналған әдемі конверттердің тапшылығын түсінген Арайлым, өзінің қолынан оларды жасау да келетінін ұғынды. Алайда істі бастауға асықпай келді.
- 2005 жылы тұңғышымды дүниеге әкелгеннен кейін 3 ай өткен соң алғашқы конверттерді тіге бастадым. Бірақ оны бастамас бұрын ең алдымен ұзақ уақыт бойы оның жасалу жолын зерттедім, - дейді Арайлым Тұрсынғазықызы.
Жас тігінші қандай да бір істі бастамас бұрын ең алдымен оған толықтай сараптама жүргізу керек деген пікірде. Себебі жан-жақтылық адамның бастамадағы қадамдарын жеңілдетпесе, ауырлатпайды.
- Ең алғашқы салымым 50 теңге болды. Ол кезде мен қажетті маталар мен жылытқыштарды Ресейдің Новосібір қаласынан тапсырыспен алдырдым. Кейін аз-аздан алу тиімсіз екенін түсінген соң бумасына тапсырыс бере бастадым, - деп атап өтті Арайлым.
Қандай да бір бастама бастар алдында кез келген адамды күмән мен күдік мазалайтыны анық. Сол сияқты Арайлым да тәуекелге бел буардың алдында ұзақ ойланды.
- Маған тапсырыстар бірден келіп түспейтінін түсінгендіктен, алғашында көрнекілік үшін жасадым. Адамдар көзбен көріп, қолмен ұстағаннан кейін ғана сенім білдіреді ғой, - деді Арайлым Тұрсынғазықызы.
Еңбегіне қарай - өнбегі
Бастамасы көпшілік арасында сұранысқа ие бола бастағанда Арайлым «Көз қорқақ, болғанымен қол батыр» деген халық даналығының растығына көзін жеткізді. Бүгінгі таңда оның жұмысы өрге жүзіп, тапсырыстарды да бір ай бұрын қабылдаумен айналысады.
- Адамдардың талғамы әртүрлі болады. Тапсырысты алғаннан тапсырғанға дейін шамамен бір апта уақытым кетеді. Оның екі-үш күні тапсырыс берушімен ақылдасуға жұмсалады. Олар матасын таңдап, қандай аксесуар қосу керектігін айтады, ойланады. Ал бір конвертті тігуге шамамен 2-3 күн жұмсалады, - деп түсіндірді Арайлым Рамазанова.
Жас тігіншінің өзі де ана болғандықтан оның бұл істегі ең басты мақсаты жасаған, тіккен дүниелерінің сапалы болуында. Сондықтан Арайлым мата сынды қажетті заттардың ең сапалысына тапсырыс беруге тырысады.
- Қазіргі кезде мен сияқты балалардың конвертін, төсектерге арналған өңір шеттерін тігушілердің саны артып келеді. Меніңше, мұның барлығы сұраныстың артуына байланысты. Сол себепті тігіншілер арасында бәсекелестік туындамайды. Өйткені әр тұтынушы өз талғамына қарай сатушысын тауып жатады, - деген пікірде Арайлым Рамазанова.
Қазіргі уақытта Арайлымға келіп түсетін тапсырыстардың басым бөлігі еліміздің өзге өңірлерінен келуде.
- Менің жасайтын дүниелерімнің 40%-ы осы Өскеменде қалса, қалғаны еліміздің әр өңіріне жолданады. Көбінесе, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау жақтан тасырыстар көптеп келеді. Ең алысы Ресей еліне жолдағаным болар, - деп қосты Арайлым Тұрсынғазықызы.
Жас тігіншінің ендігі арманы өзіне кәсіби өндірістік тігін мәшинесін алып, өзінің кәсібін кеңейту. Алдағы бастамаларына тек сәттілік тілейміз.