Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Бет әрлеушілік уақытша кәсіп емес

Нарық заманының өкілдері қазірде қоғамның сұранысына, басты талабына қарай икемделуге ұмтылады. Сән өндірісі қай заманда болмасын кенде қалып көрген емес

Сәндену, сұлулыққа ұмтылу - бұл адамның табиғи қасиеті. Әсіресе, әйел адамдардың әдемі көрінуге деген ынта-жігері ерекше келеді. Адамның сұранысы мен психологиясын жетік зерттеген жаңа кәсіп иелері қазіргі қоғамымызда кең таралған бет әрлеушілік кәсіпті нарыққа әкелді.


Сұранысқа ие кәсіп

Аталған істің қыр-сырын білу мақсатында бет әрлеуші маманмен сұхбаттасып көрген едік. Жас кәсіп иесі Ақнұр Сағатқызы - бет әрлеушілікпен жаңадан айналыса бастаған маман. Оның айтуынша, бұл салаға келуіне халықтың сұранысы себеп болған.

- Елімізде бет әрлеу ісінің келгеніне бес жылдан астам уақыт болды. Тез дамып жатыр. Бұған дейін бет әрлеу қызметін тұтынатындар аз болатын. Ал қазіргі таңда тойға, мерекелік кешке, салтанатты отырысқа баратын қыз-келіншектердің барлығы визажист қызметіне жүгінетін болды. Бетті тональды бояумен қалыпқа келтіру, қас жабыстыру, татуаж жасау қалыпты үрдіске айналды. Ешкім таң қалып, назар аудармайды. Қазір бет әрлеп көрмеген қыз-келіншекті табу қиын. Яғни, сұранысы жоғары кәсіп саналады. Сондықтан да осы салада бақ сынап көруді жөн санадым. Тапсырыс берушілер мен ойлағаннан көп болып шықты, - дейді Ақнұр Сағатқызы.

Сұранысы мол салада кәсіп иелері арасында да бәсеке күшейетіні белгілі. Кейіпкеріміз визажисттер арасында бәсекелестіктің өте жоғары екендігін әрі бұған екінің бірі шыдас бере алмайтындығын айтады.

- Өскеменнің өзінде жүзге тарта танымал визажист бар. Олардың тұрақты тұтынушылары қалыптасып үлгерген. Ал салаға енді келген мамандар жаңа тұтынушыларды қаратуға тырысады. Бет әрлеудің әдіс-тәсілдерін үйрететін курстар да қаптап кетті. Мұндай курстарды ай сайын жиырма шақты адам тамамдап шығады. Яғни, бұл салада іс игеріп көргісі келетіндердің қарасы ай сайын емес, күн санап өсіп жатыр, - дейді Ақнұр Сағатқызы.

Кәсіптің өзі екіге бөлінеді. Маусымдық және маусымға тәуелді емес кәсіптер. Тұрғындардың көпшілігі бет әрлеушілікті маусымдық іс деп таниды. Өйткені, той мен мерекелік кештердің көбі жазға салым болатындығы белгілі. Алайда Ақнұр Сағатқызы бұл кәсіптің маусымға еш қатысы жоқ екендігін, қыс мезгілінде де бет әрлеушінің көмегіне жүгінетіндердің көп болатындығын айтады.

- Егер жазда той көбейетін болса, қыста ұжымдық кештер, мерекелік отырыстар, фотосессиялар көбейеді. Халықтың барлығы мерекеге жаны құштар ғой, мейрам мен думан таусылған ба?! Оның үстіне, жазда аталып өтетін мерекелерге қарағанда қыста өтетін мерекелер мен мейрамдардың саны көп. Қазір қыздар тек мереке кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де сәнденіп жүреді. Бет әрлеудің түрлері көп. Мерекелік кештерге арналған макияждың түрі бөлек, күнделікті өмірдегі макияждың орны басқа, - дейді Ақнұр Сағатқызы.


Баға опа-далапқа байланысты

Бұл салада бәсекелестік артқан сайын тұтыну қызметі бағаларының да төмендеуі қажет болатын. Алайда бағалар өз қалпында қалып отыр. Кейбір визажистер төмен баға ұсынғанымен, олардың қызметі сапалы емес.

- Бағаның жоғары болуына опа-далап бағаларының қымбат болуы себеп. Адамның бет-әлпетін арзан опа-далаппен бояуға болмайды. Барынша қымбат бояулар қолданылса, соншалықты көрікті, біркелкі болмақ. Арзан бояумен жасалған бет әрлеу де нәрсіз шықпақ. Визажисттердің көпшілігі люкстік бояуларды қолданады. Мұндай бояуларды Ресейден, Франциядан, Италиядан алдыру керек. Бет әрлеушілер өздерінің қызметі сапалы екендігін көрсету үшін қымбат бояуларды сатып алады. Сондықтан баға жоғары. Ал арзан бағаға келісетін визажистердің қызметі сапалы болмайды. «Арзанның жілігі татымас» дейді ғой мұндайда халқымыз, - дейді Ақнұр Сағатқызы.

Оған қоса, қызмет бағасына жалға алынған орынның да құны әсер етпек. Өйткені, сұлулық салондары мейлінше халыққа көрінетін орындарда орналасуы керек. Ал мұндай орындардың арзанға бағалануы мүмкін емес.

- Дегенмен, үйде отырып қызмет жасайтын мамандармен баға жағынан келісуге болады. Егер бір клиент өзімен бірге бірнеше тұтынушыны әкеле алса, онда бағасы келісімді, - дейді Ақнұр Сағатқызы.

Сән мен сұлулық саласындағы әдет-үлгілер жыл сайын өзгеріп отырады. Жаңа бағыттар келеді. Сәндеу де өнердің бір қыры болғандықтан, өз кәсібінің шынайы шығармашыл тұлғалары адамды әдемі етудің жаңа жолдарын, бетті әрлеудің жаңа тәсілдері мен үлгілерін ойлап табады. Ал бұл өз кезегінде, сол уақыттың сән үлгісіне айналады.

- Бет әрлеу дегеніміздің өзі адамның бет-әлпетін тегістеу, бір реңке келтіру деген сөз. Биылғы жылдың бет әрлеу саласындағы басты сән үлгісі - бұл табиғи сұлулықты сақтай отырып бетті әрлеу. Бояуда жарқын түстер көптеп қолданылады. Опа-далап өлшеммен ғана жағылады. Бетті тегістеп, сүрмелеуге бір сағаттай уақыт кетеді. Бояудың тұрақтылығы 14-15 сағатқа созылады, - дейді маман.


Макияж жасауға да шығармашылық керек

Кейіпкеріміздің айтуынша, макияжбен икемі бар, қиялына ерік бере алатын, креативті ойлай алатын адамдар айналыса алады.

- Адамдардың көбі бет әрлеушілікті уақытша кәсіп деп санайды. Мүлдем олай емес. Өз ісіне берілген қаншама мамандарымыз бар. Бет әрлеумен айналысқысы келетіндердің икемі, ебі болмаса, істен нәтиже шығару қиын. Біреуге келетін макияж түрі келесі клиентке келмеуі мүмкін. Мұндайда қиялыңды қосып, өзіңді кәсіби маман ретінде көрсете білуің керек. Келген клиентке қандай макияждың қажет екенін бет-келбетіне қарап ажыратасың. Келбетінің пішініне қарайсың. Өз кеңесіңді бере отырып, оған жарасатындай образ жасайсың. Бұған да шығармашылық талап керек, - дейді Ақнұр Сағатқызы.

Бұл салада табыс тапқысы келетін жас кәсіп иелеріне де бүгінгі кейіпкеріміз өз кеңесін берді.

- Бұл - табысты кәсіп. Алайда қанша кәсіби деңгейге көтерілген маман болса да, оның шынайы құлшынысы мен ниеті болмаса, бұл салада ұзақ қызмет жасау мүмкін емес. Табандылық пен еңбек қана табысқа жетелейді. Клиенттердің көңілін табу үшін де қажыр-қайрат керек. Асқан шеберліктен бөлек психолог бола білуің қажет. Мұның барлығын игеру көп еңбекті талап етеді. Сол себепті бұл салада қызмет жасау үшін адамға ең алдымен құлшыныс, еңбекке деген сүйіспеншілік қажет дер едім, - дейді жас маман.

Кейіпкеріміз өз ісін бастығысы келетіндерге мерекелік кештерді безендірумен, ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасаумен, патриоттық үлгідегі киімдерді дайындаумен айналысқан жөн дейді. Өйткені, қазір халықтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы артқан. Бұған дейін еуропалық үлгідегі киімдер мен сәндік бұйымдарға қызығатын болса, қазіргі таңда халқымыз ұлттық нақыштағы, патриоттық рухтағы дүниелерге үлкен мән беретін болған. 

Следующая →