Усть-Каменогорск
пасмурно
-4°
  • Усть-Каменогорск
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +5°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -5°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Уральск
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Әлемдегі ең қауіпті мамандық

Әлемде 40 мыңға жуық кәсіп бар. Саналы ғұмырын еңбекке сарп еткен адамзат баласы мұның ішіндегі ең қауіпті мамандықтарды ерекше орынға сұрыптайды. Осындай қызмет түрлерінің бірі - ел жамырай қашқан жерге шаба жөнелетін тау-кен құтқарушылары

Өмір - майдан. Бейбітшіліктің белдігі босамай тұрса да, өмір – майдан. Әсіресе, өмір мен өлім қыл үстінде қылшылдап тұрған мамандық иелері үшін.

Әлемде 40 мыңға жуық кәсіп бар. Саналы ғұмырын еңбекке сарп еткен адамзат баласы мұның ішіндегі ең қауіпті мамандықтарды ерекше орынға сұрыптайды. Осындай қызмет түрлерінің бірі - ел жамырай қашқан жерге шаба жөнелетін тау-кен құтқарушылары. Шығыс Қазақстан облысының кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі қауіпті өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қазақстанда мұндай 13 филиал жұмыс істейді. Республика бойынша ең ауқымды және алғашқы филиал Шығыс Қазақстанда орналасқан. Өңіріміздегі бұл қызмет түрі 85 жыл бұрын, 1933 жылы құрылған. Осыған орай, айтулы мамандық иесі Сұлтан Жөргекбаевтан сұхбат алған едік.


Шахта және құтқарушы

Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің шығысқазақстандық филиалы 2015 жылы Лениногор және Ертіс құтқару жасақтарының қосылуымен құрылды. Бұл екі филиал Қазақстандағы ең алғашқы жасақтар. Біріккен филиалдың құрамына 3 апаттық құтқару жасақтары кіреді. №3 апаттық құтқару жасағы Белоусовка, Суздаль, Ақтоғай, Бақыршық кендеріне қызмет көрсетеді. Сұлтан Викторұлы бүгінгі таңда Белоусовка кенішінің әскерилендірілген жедел взводы командирінің көмекшісі.

- Мен Марқакөл ауданы, Теректі ауылында дүниеге келгенмін, - дейді Сұлтан Жөргекбаев. - Орта білімімді өз ауылымда тәмамдап, Өскемен қаласындағы Құмаш Нұрғалиев атындағы заң колледжінде білімімді жалғастырдым. Заң саласында лайықты жұмыс таппаған соң, Риддер қаласындағы Тау-кен техникумына түстім. 2007 жылы қарапайым құтқарушы болып жұмысқа орналастым. Кейін 2014 жылы бөлім командирі, 2016 жылдан бастап взвод командирінің көмекшісі атандым.

Қапаста жүретін адамдар әрқашан өлім мен өмірдің ортасында от кешумен болады. Күтпеген жағдайларда дені сау адамдардың шығар жолы шытырманға айналады. Осындай о дүние мен бұл дүние жаман ойынын бастаған шақта апаттық құтқару жасағы сапқа тұрады. Бұл мамандық білместіктен емес, біле тұрып қауіпке бас сұғатын, тайсалмайтын жандардың қызметі.

- Оқуға түскен кезде де болашақ мамандығымның бабын жақсы білдім. Сондықтан, қайда бара жатқанымды түсіндім деуге болады. Тау-кен мамандығында жүріп взвод командирі Владимир Трофимовпен таныстым. Бұл кісі жауынгер ретінде жұмысқа шақырды. Қазір, тіпті, бұл қызметке келгеніме қуаныштымын. Жеке басым, жүрегіме ешқандай қорқыныш сезімі ұялап көрмепті, - дейді Сұлтан Жөргекбаев.

Құтқарушы фото жеке мұрағатынан (3).JPG

Фотода Сұлтан Жөргекбаев / Фото С. Жөргекбаевтікі


Қапастағы апат

Шахта құрылысын екінің бірі біле бермейді. Қазақстанның тең жартысы осындай кен орнынан тұрса, тең жартысы мұнай мен газға бай. Сұйық күйінде шығатын байлықты суырып алуға болады. Ал ғасырлармен қатқан күйі міз бақпайтын көмір мен түсті металлды өзің қазып алуың керек. Мұндай шаруа кеншілердің мойнында.

- Шахталар деңгейжектерге бөлінетіні белгілі. Тек бұл көрсеткіштің мәнін қатардағы адамдар біле бермейді. Шахтадағы адамдар жедел сатымен бірінші деңгейжекке дейін 90 метрлік тереңдікке түседі. Ары қарай әр деңгейжектің арасы 60 метрді құрайды. Апаттың көбі 11-ші және 13-ші деңгейжектерде орын алып тұрады, - дейді Сұлтан Жөргекбаев. - Кен орындарын тереңдету мақсатында күнделікті жарылыстар ұйымдастырылады. Жарылыстан соң біздің екі жауынгер шахтаға арнайы құралдармен түсіп, жарылыс орнының қауіпсіздігіне көз жеткізеді. Бұл күнделікті шаруалардың бірі.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, "Дубай мұнарасы" атанып кеткен әлемдегі ең биік "Будж Халифа" қонақ үйінің биіктігі 828 метрді құрайды және оны қарапайым адам жүз шақырым жерден де көре алады. Ал шахталардағы 13-ші деңгейжекке дейін шамамен 810 метр. Мұндай көрсеткішпен шахтерлер мен құтқарушылардың киген формасын, екінің бірі көтере алмас та, елестете алмас.

- Жұмысқа орналаса салысымен 3 айт өткеннен соң Белоус шахтасында алып өрт орын алды. Отты сөндіру үшін екі күн сарп еттік. Шіріген ағаштар өртке оранып, жағдай қиындай түсті. Шахтаның ішінде орын алған өрт жер үстіндегіден әлдеқайда қауіпті. Екіншіден, бұл ортада ештеңе көрінбейді және кен қалдықтары оқиғаны тек қиындата түседі. Осылайша тас қараңғыда жүріп, қауіп көзін 36 сағат ішінде жойдық, - дейді құтқарушы.

Бұл мамандықтың әлемдегі «ең қауіпті» деп мойындалғаны бекер емес. Әлемдік статистикаға сүйенсек, жыл сайын шахтерлердің өлімі жүз мыңдық көрсеткіштермен есептеледі. Дамушы ел болсақ та, еліміз де бұл саладағы өлім жағдайларынан ада емес.

- Қызмет жолымда 3-4 рет адам өлімін көрдім. Мұндайда тек "Құдай сақтасын" дей жүреміз. Шахталарда көбінде өрт, үйіндінің астында қалу, газға ұшырау сынды оқиғалар болып тұрады, - дейді Сұлтан Викторұлы. - Бір жағдайды айта кетуге болады. Алтайский ауылындағы шахтаның 13-ші деңгейжегінде бір адам үйінділердің астында қалып қойды. Тау-тас құлаған орында апаттың қайталану ықтималдылығы әрқашан жоғары. Біз бұған қарамастан ол жігітті алып шықтық. Бірақ бұл жұмыстардың өзіне бір жарым тәулік кетті. Өкінішке орай, үйіндінің астында қалған азамат қайтыс болып кетті.

Сұлтан Викторұлы жұмыстың қауіптілігін мойындайды. Тіпті, бір апаттық жағдайдан соң арыз жазып, жұмыстан өз еркімен кетіп қалатындардың табылатынын айтады.


Құтқарушы фото жеке мұрағатынан (4).JPG

Фотода Сұлтан Жөргекбаев / Фото С. Жөргекбаевтікі


Тек жер астында емес...

Апаттық құтқарушылар кестелі түрде тәжірибелік, теориялық даярлықтан өтеді. Сол сияқты облыста орналасқан 3 жасақ арасында тау-кен құтқару сайыстары ұйымдастырылады. 4-5 жыл ішінде өтетін халықаралық сайыстарда №3 апаттық құтқару жасағының өрендері халықаралық сайысқа қатысып, үшінші орынға ие болды.

- Жарыстарға қатысудың бақыты бұйырмады. Бірақ басқа елдердегі әріптестерімізбен әрқашан тығыз қарым-қатынастамыз. Мысалы былтыр біздің салаға арналған құралдарды шығаратын зауытқа барып, біліктілігімізді арттырдық. Зауыт Ресейде орналасқан. Көрші елдің жасақтарымен танысып, дайындық пен жабдық тұрғысынан тең дәрежеде екенімізге көз жеткіздік, - дейді Сұлтан Жөргекбаев.

Әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің мамандары тек шахталардағы апаттарда емес, халықтың күнделікті тұрмысында орын алған жағдайларда да қол ұшын созуға дайын.

- Шахта орналасқан жерлерде елді мекендер міндетті түрде болады. Төтенше жағдай тек апатта емес, күнделікті өмірде де жиі кездеседі. Мұндай сәттерге біз әрқашан дайын жүреміз. Тіпті, кейбір тұрғындардың пәтерлері жабылып қалса, иттері құдыққа түсіп қалса да жандарынан табылуға тырысамыз. Кейде полиция қызметкерлерінің техникалық мүмкіндіктері шектелгенде бізді шақырады. Айта кету керек, биылғы аяз кезеңінде жолда қалып қойған үш көлікті техникамен сүйретіп, алып келдік. Бұл біздің жұмыстағы қалыпты үрдістер, - дейді құтқарушы.

№3 апаттық құтқару жасағы бүкіл Шығыс Қазақстандағы тау-кен апаттарының үштен бір бөлігіне қызмет көрсетеді. Қызмет иелері тәулік бойы қауіпті қызмет орындарының қауіпсіздігіне жауап береді. Жасақ мамандары әр жылдың басында қауіпсіздік пен апаттың алдын алу жоспарын құрып, өндіріс орындарымен арнайы келісім жүргізеді. Болуы ықтимал жағдайлардың барлығын ескеріп, қиын-қыстау сәтте байбалам салмайтындай әрекет белгіленеді. Әскерилендірілген апаттық құтқару қызметкерлері тек апатта емес, оқу кезеңіне дайындық сынды қоғамдық шараларға да белсенді араласады. 

Следующая →