Өскемен
ясно
+19°
  • Өскемен
    +19°
  • Алматы
    +20°
  • Астана
    +8°
  • Ақтөбе
    +13°
  • Актау
    +19°
  • Орал
    +15°
  • Қарағанды
    +16°
  • Көкшетау
    +7°
  • Қостанай
    +9°
  • Қызылорда
    +26°
  • Павлодар
    +14°
  • Петропавловск
    +7°
  • Тараз
    +19°
  • Туркестан
    +11°
  • Шымкент
    +22°
$
443.16
+0.13
480.39
+0.01
¥
61.18
-0.01
4.94
+0.03
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Қазақстан Қазақстан
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Салт атты құтқарушылар - су қаупімен күресудің жаңа тәсілі

Бесқарағай ауданы тұрғындары су басу қаупіне қарсы күресудің жаңа өзіндік тәсілін ойлап тапқан

Ауылдың адуынды ерлері бастаған салт атты құтқарушылар осы күнге дейін 2500-ға жуық мал санын аман алып қалған.

Ауыл-аймақтың су астында қалуы қазіргі уақытта еліміздің өте маңызды мәселесіне айналған. Бұл мәселе арнасы алып Ертіс өзені бар Шығыс Қазақстан облысы ауылдарын да айналып өтпек емес. Бесқарағай ауданымен өтетін Ертіс өзені биылғы көктемде бірнеше рет арнасынан асып, жұрттың мазасын қашырды. Бір апта бұрын Бесқарағай ауданында су басуға байланысты төтенше жағдай жарияланды. Дегенмен, аудан жұртшылығы табиғаттың бұл қылығымен келіспек емес. Су басу кезінде мал мен жанды аман алып қалу мақсатында жедел әрі шұғыл әрекет ететін «Салт атты құтқарушылар» бригадасын құрған.

- 2015 жылы сарбаз жігіттерімізден тұратын 15 адамдық салт атты құтқарушылар тобын құрған болатынбыз. Жігіттеріміз аттың үстінде жүріп тұрғындарды, жануарларды құтқарады. Бұл - төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жасалған жаңа әдістердің бірі. Алдағы уақытта да бұл әдісті қолдануды көздеп отырмыз, - дейді Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Еренұлы.

Салт атты құтқарушылар бригадасының құрылуына маусымдық су тасу қаупі себеп болған. Салт атты сарбаздар техникаға қарағанда епті, икемді, жылдам келеді және үлкен шығынды қажет етпейді. Құтқару жұмыстарына техниканы жұмылдыру жанар-жағармай шығынын қажет ететіндіктен аттың көмегімен құтқару жұмыстарын жүргізу әлдеқайда тиімді болмақ. Кез келген ауылда ат-көлік пен жігерлі жігіттер бар. Бастама көтерсең, қолдап кетері анық.

Жетіжар ауылдық округіне қарасты Ертіс өзенінің оң жағында орналасқан 500-ден астам тұрғыны бар Кривинка ауылында 2017 жылдың 11-12 сәуір күндері төтенше жағдайлар орын алған болатын. Жер асты сулары көтеріліп, ауылды су басу қаупі туындаған еді. Соған байланысты 7 адамнан құралған салт атты сарбаздар тобы құтқару операциясына жұмылдырылған. Құтқарушылар малдарды ауыл сыртына айдап шығарып, қауіпсіз жерге қора салып, малды сонда ұстаған. Құтқарушы сарбаздардың да есімдері белгілі: Қабиден Қасенов, Советхан Садвокасов, Өмірбек Татишев, Қанат Абдрасимов, Владимир Кремер, Сабит Хамитов, Әділ Нұржанов.

- Аталмыш құтқару тобы осы күнге дейін су тасқыны кезінде 965 бас ірі қара малын, 1684 бас ұсақ малды, 347 бас жылқы малын қауіпсіз жерге айдап шығарып, малдарды аман-есен алып қалды, - дейді аудан әкімі аппаратының басшысы Тимофей Глазинский.

Айта кеткен жөн, құтқарушылар құрамы ерікті адамдар тобынан құралған.

- Ауылымыздағы құтқарушылар тобы 7 адамнан тұрады. Су басу қаупі туындаған кезде құтқару жұмыстарына жұмылдырылады. Ал жаз айларында ауыл малдарын күзетеді, ұры-қарылардан сақтайды. Бұлар - еріктілер. Көбінің тұрақты жұмыстары бар, - дейді Жетіжар ауылдық округінің жетекші маманы Гүлзейнеп Бағдатова.

Салт атты құтқарушылар командасын құруға идея берген Жетіжар ауылдық округінің әкімі Сұңғат Болатұлы екен.

- Бір ауылдың тұрғындары болғаннан соң бір-бірімізге қол ұшын созуымыз қажет қой. Ауылымыз Ертіс өзенінің жағасында, төменгі ойпатта орналасқан. Су арнасынан көтерілсе болды, біздің ауылға қарай жайылады. Мұз еріген кезде тіпті қауіпті болады. Қарап отырмай қайрат көрсетуіміз қажет емес пе? Округ әкімінің ұсынысынан соң, ауылдағы жігіттермен ақылдаса келе, су басқан жағдайда бірігіп бел байлап, мал-жанды құтқарайық деп ұйғардық, - дейді Әділ Нұржанов.

Тәжірибелі құтқарушы 11 сәуір күні болған су тасқынынан ауыл малдарын түгелімен құтқарғандығын, қазіргі уақытта ауыл сыртындағы балағанда бағып жатқандығын жеткізді.

- Менің жасым елуде. Құтқарушылардың ішіндегі жасы үлкені де менмін. Ал ең кішісі - 29 жаста, - деді тағы да Әділ мырза. – Біздің ауылдың бұл бастамасын алдағы уақытта ауданның өзге де ауылдарында ұйымдастыруды ойлап отырмыз.

Салт атты құтқарушылар ауданнан келген Төтенше жағдай қызметкерлерімен де бірігіп жұмыс жасайды. Өзеннің жай-күйін бақылауға, мұздың деңгейін тексеруге, судың бөгеліп жатқан жерлерін анықтауға көмектеседі.

Салт атты полицей қызметі Қазақстанда да, Еуропа мемлекеттерінде де бар екенін білеміз. Алайда салт атты құтқарушылар қызметі жайлы біреу білсе, біреу білмейді. Төтенше жағдай қызметкерлеріне қол қусырып қарап отырмай-ақ, өз ауылын өздері құтқарып жүрген жандар шынайы қолпаштауға лайықты. Ерікті салт атты құтқарушылар ауыл адамдарының бір-біріне деген қамқорлық құштарлығын арттырып, бірігіп ұйымдасуға деген қабілетін қалыптастырады, өз өмірін өзі құтқаруға қауқарлы екендігін танытады.


Қымбат Слямбеков


Следующая →